Спорт комментаторы болғысы келетіндердің арасында мектеп оқушылары да бар - «Kazsport» арнасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Kazsport» телеарнасында спорт комментаторларына жарияланған кастингтің бірінші кезеңі аяқталды.

Оның қорытындысы бойынша 200-ге жуық адам комментатор болуға ниет білдірді. Алайда олардың тек 10-ы ғана келесі кезеңге жолдама алды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі "Қазақстан РТРК" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

​Бірінші кезеңде телеарнаның электронды поштасына 193 өтінім келіп түсті. Соның басым бөлігі Алматы қаласы мен Алматы облысынан жолданды. 62 өтінім басқа қалалардан түсті. "Түйіндемелері талапқа сай толтырылмаған, хаттары «мен кастингке қатысқым келеді» деген бір ауыз сөзбен шектелген, мектепті әлі аяқтамаған 48 өтініш иелерінің кандидатуралары қарастырылған жоқ. Себебі кастинг шартына сәйкес, байқауға жасы 18-ден асқан, бір немесе бірнеше спорт түрін жетік меңгерген азаматтар қатыса алады"-делінген ресми xабарламада.

Өткен демалыс күндері кастингтің бірінші кезеңі бойынша 10 үміткер келесі кезеңге жолдама алды. Олардың бесеуі футбол комментаторлығын таңдаса (2-еуі - қазақ, 3-еуі орыс тілінде), екі үміткер қыз таеквондо трансляциясын қазақ тілінде жүргізіп, біліктіліктерін дәлелдеді. Сонымен қатар, қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлей алатын ережесіз жекпе-жектің екі кәсіби шебері өздерінен жақсы комментатор шығатындарын байқатты. Хоккей жанкүйерлері де жақын күндері қазақ тілінде репортаж жүргізе алатын жаңа комментатормен таныса алады.

"Кастингтің екінші кезеңі басталып кетті. Қараша айының соңына дейін іріктеліп алынған үміткерлер тағы бірнеше сынаққа қатыспақ. Желтоқсан айының басында үздік шыққандар «Kazsport» телеарнасында комментаторлық жұмысқа кіріседі", - дейді ұйымдастырушылар.

Соңғы жаңалықтар