Спорт ардагері Жамбыл Тасеменов сайлауға немерелерін ерте келді

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, ел спортының құрметті қайраткері, «КСРО-ның Құрметті спорт шебері» атағының иегері Жамбыл Тасеменов сайлау учаскесіне немерелерін ертіп келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл Тасеменов – аты аңызға айналған адам, кезінде грек-рим күресінен КСРО құрама командасының қатарында өнер көрсеткен жалғыз қазақ. Өңірде спорттың осы түрін дамытуға да елеулі үлес қосты, облыстық спортқа мамандандырылған дарынды балалардың мектеп-интернатын ашуға да мұрындық болды.

Зейнет демалысына шықса да, еңбек ардагері белсенді, азаматтық ұстанымын білдіріп, үлкен істің бел ортасында жүреді. Бүгін де кезектен тыс президент сайлауынан қалмай, өз таңдауын жасады.

«Біз үшін өте маңызды күн. Бүгін еліміздің президентін сайлап жатырмыз. Еліміздің болашағын ойлайтын азаматқа дауыс бердік. Еліміз тыныш, халқымызға жайлы болсын әрқашанда, болашақ президентіміз өзінің үлкен ойларын жүзеге асырсын!

Сайланған президентіміз халықты естіп, мәселелерді шешсе, тұрмысты жақсартса.

Спорт саласында көп жыл еңбек еткендіктен осы салаға көңіл бөлінсе екен деймін. Жастардың дені сау болуы спорттың дамуымен тікелей байланысты», - дейді еңбек ардагері.

Жамбыл Тасеменов өзі де кезінде сайлаудың өтуіне белсенді қатысып, талай рет сайлау комиссияларының төрағасы болған. Бүгінгі сайлауға зайыбы мен екі немересін ерте келіпті.

«Үлкен немерем 24-те, екінші немерем 22-де. Екеуі де жұмыс істейді. Тағы екі немерем – студент, өзіміздің университетте оқып жатыр. Екі баламның біреуі зейнеткер, әскери қызметте болды. Екіншісі теміржолда инженер болып істейді», - дейді Жамбыл Тасеменов.

№ 659 сайлау учаскесі Петропавлдағы «Жеңіс» олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде орналасқан.

«№ 659 сайлау учаскесінде 1210 сайлаушы бар. Олардың 8-і бірінші рет дауыс беріп жатыр. 16 адам жүре алмағандықтан үйінде дауыс беруге өтініш жазды.

Жәрмеңке ұйымдастырылды, азық-түлік қолжетімді бағада сатылып жатыр. Сондай-ақ буфет жұмыс істейді», - дейді № 659 сайлау учаскесі сайлау комиссиясының төрағасы Лидия Маслова.

Жалпы СҚО-да бүгін 640 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. 386 мыңға жуық адам дауыс беруге құқылы.

Өңірдегі кей сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталды.


Соңғы жаңалықтар