SpaceX Грузияда Starlink спутниктік интернетін іске қосуды жоспарлап отыр

None
None
ТБИЛИСИ. ҚазАқпарат – SpaceX компаниясы Грузияда Starlink спутниктік интернет қызметін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы елдің Коммуникация жөніндегі ұлттық кеңесі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Newsgeorgia-ға сілтеме жасап.

Америкалық компанияның өкілі Грузияға жергілікті нарықта өздерін қызықтыратын тауашаларды (ниша) зерттеу үшін келді.

«Менің ойымша, бұл – ел мен телекоммуникация саласы үшін өте маңызды оқиға. Starlink енгізілгеннен кейін Грузияда спутниктік интернет қолжетімді болады. Бұл цифрлық қызметтердің инновациялық нарығын алдағы уақытта дамыту үшін мүмкіндіктер терезесін ашады», - деді Ұлттық коммуникациялар комиссиясының мүшесі Екатерина Имедадзе SpaceX өкілімен кездескеннен кейін.

Комиссия Starlink-тің іске қосылуы Грузияның таулы аймақтары мен кең жолақты Интернетке қол жетімділігі жоқ шалғай елді мекендер үшін «аса маңызды» екенін атап өтті.

Бұған дейін ҚР цифрлық даму министрі Бағдат Мусин келесі жылы Қазақстанда Starlink (SpaceX) және OneWeb спутниктік интернеті пайда болуы мүмкін екенін айтқан болатын. Оның айтуынша, SpaceX және OneWeb сияқты операторлардың спутниктік интернетімен қамтамасыз ету үшін елде Салық кодексіне өзгерістер енгізуі қажет, өйткені бұл қызмет түрі бойынша тариф өте жоғары.

Starlink – ғаламдық спутниктік байланыс жүйесі жобасы. Оны 2002 жылы Илон Маск негізін қалаған америкалық SpaceX компаниясы әзірлеген. Starlink жүйесі бүкіл әлем бойынша пайдаланушылардың Интернетке қол жетімділігін көптеген шағын құрылғыларды жерге жақын орбитаға орналастыру арқылы қамтамасыз етуге арналған. 2019 жылдың мамыр айынан бастап SpaceX орбитаға 2000-нан астам жер серігін шығарды.

Автор: Серікбол Қошмағанбетов


Соңғы жаңалықтар