«Сөзтүзер» сөздігі туған тілді тұғырына нық қондыруға арналған нақты жоба – Дәурен Абаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Сөзтүзер» сөздігі туған тілді тұғырына нық қондыруға арналған нақты жоба. Бұл туралы аталған сөздің тұсаукесеріне арналған іс-шара барысында ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сөзтүзер» сөздігі туған тілді тұғырына нық қондыруға арналған нақты жоба. Оның маңызы да ерекше. Себебі бұқаралық ақпарат құралдары тілді қалай қолданса, қоғамның, әсіресе балалардың тілі солай қалыптасады. Бұл кино, сериал және мультфильмдегі аудармаларға да қатысты. Сондықтан тіл тазалағы - түптеп келгенде ұлт келешегінің мәселесі. Осы орайда сөздік жасау үшін арнаулы жұмыс тобы құрылды. Оған еліміздегі белгілі ғалымдар мен тіл мамандары, жас редакторлар мен аудармашылар кірді. Жыл басынан бері жоспарға сәйкес, өте ауқымды жұмыстар жүргізілді. Елімізге тарайтын елуден астам республикалық БАҚ-қа мониторинг жасалып, мыңдаған қате қолданыс анықталды. Олар жан-жақты талданып, жіктелді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, бұл сөздік ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдарына, университеттерге, мемлекеттік органдарға таратылады.

«Жыл соңына дейін арнаулы сайтқа салуды көздеп отырмыз. Сондықтан бұл жұмыстың басы деп есептейміз.Мұнан бөлек, Білім және ғылым министрлігі сөздікті мемлекеттік тапсырыс аясында жеткілікті деңгейде шығаруды жоспарлап отыр. Жұмыс тобы мүшелерінің журналистерге, баспасөз хатшыларына, баяндама жазатын спичрайтер мамандарға арналған шеберлік сабақтарын ұйымдастыру қажет», -деді Дәурен Абаев.

Айта кетейік, бүгін елордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысөзімен бұқаралық ақпарат құралдары мамандарына арналған «Сөзтүзер» сөздігінің тұсаукесер рәсімі өтті.


ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлының жетекшілігімен жарық көрген сөздікте республикалық БАҚ-тан жиналған қате қолданыстар сөз, сөз тіркесі түрінде нақты мысалдармен берілген. Берілген мысалдардың лексикалық, грамматикалық, орфографиялық,орфоэпиялық, пунктуациялық, стильдік қатенің қай түріне жататындығы көрсетіледі. Ондай қателерге жол берілуінің себептері айқындалып, қолданылуы тиіс дұрыс нұсқасы ұсынылады.


Соңғы жаңалықтар