Sozdik.kz негізін қалаушы Евгений Чуриков: Бізді мемлекеттік-жекешелік әріптестік қызықтырады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда осыдан 20 жыл бұрын қазақ тілінің электронды нұсқасын әзірлей бастаған бағдарлама жасаушы тұрады. Қазіргі таңда аталмыш сайтқа күніне 50 мың адам кіреді. Оның үстіне «Sozdik.kz» сайтын Қазақстанның сапасы жоғары онлайн-сөздіктерінің қатарына жатқызуға болады. Мыңдаған қазақстандықтардың көмекшісіне айналған «Sozdik.kz» сайтының негізін қалаушы Евгений Чуриков «ҚазАқпарат» тілшісіне идеяның әу баста қалай туғанын, оны жүзеге асыруда жолда кездескен кедергілер мен лингвистикалық онлайн-қызмет экранының артында не тұрғаны туралы айтып берді.

- «Sozdik.kz» көзінің негізін қалау идеясы 20 жыл бұрын ойыңызға қалай келді?

- Жоба 1999 жылы басталған. Интернет-өнімдерді жасайтын маман ретінде мені интернетте қазақ тіліндегі парақшалардың механизмін құру амалы қызықтыра түсті. Ол кезде аталмыш тақырып өте аз зерттелді де, мемлекеттік тілдегі парақшалар тым аз болатын. Ол шақ қазақ тіліндегі әріптердің бірде-бір шрифті енбейтін Windows 98 компьютерлерінің дәуірі еді. Аталған тақырыпты зерттегеннен кейін мен ақыры динамикалық тұрғыда терең шрифтердің технологиясы негізінде қазақ тіліндегі парақшаларды жасап шығара бастадым. 2000 жылдың қазан айында өзге веб-шеберлер бұл тәжірибені өзіне ала білу үшін мен өз зерттеуімнің қорытындыларын қазақстандық журналдарға мақала ретінде бастырып шығардым.

Қазақ тіліндегі интернет парақшаларды сәтті құрғаннан кейін мен бұл жұмыстың пайдалы жағы мен осы технологияны практикалық тұрғыда қолдануды ойладым. Осының арқасында интернет желісінде екіжақты қазақ-орыс және орыс-қазақ аудармаларын құру туралы идея туып, 1999 жылдың күзінде осы жобаны жүзеге асыруды бастап кеттім.

- Жобаны бастаған кезде сізге қиыны не болды - инвестиция табу ма, әлде мамандарды табу ма? Сіз әу баста сайтта жалғыз өзіңіз жұмыс істедіңіз бе?

- Бастапқыда жоба бойынша жұмысты жалғыз өзім атқарып жүрдім. Алғашқы жылым толыққанды сөздік қорын құруға жұмсалды. 2000 жылы қор дайын болғаннан кейін сайттың алғашқы нұсқасының коды жазылып, кейін ол интернетте жарияланды. 2002 жылдан бастап сайт ағымдағы мекенжай бойынша жұмыс істей бастады да, оның танымалдылығы арта түсті. 2004 жылы осының арқасында алғашқы грантқа де ие болдық. Жоба бойынша бірнеше қазақ тілді мұғалімдерді тарту мүмкіндігіне ие болып, олар негізгі сөздік қорын тексеру жұмысын жүзеге асырды.

- Онлайн-сөздікті жасар кезде қандай әлемдік тәжірибелерді негізге алдыңыз?

- «Sozdik.kz» сайтының ең алдымен аудармашы емес, сөздік екенін айта кеткен маңызды. Сөздік осы қорға салынған сөздер мен сөз тіркестерін ғана аудара алады. Ал аудармашы болса кез келген қисынсыз мәтіндерді аудара береді, бірақ сөз бен сөйлем деген өте күрделі лингвистикалық және математикалық тапсырма екенін айта кету керек. Оны сапалы аудару үлкен ұжымның ғана қолынан келеді.

Бастапқы жылдары ресейлік ABBYY компаниясының Lingvo электронды сөздігі маған айтарлықтай ықпал етті. Сондай-ақ, мен өзге интернет-сөздіктердің қызықты шешімдерін бақылап отырамын. Кейбір қызметтерді өзім ойлап табамын. Құнды кеңестер мен пайдалы тілектер кейде сөздікті қолданушылардың өзінен де келіп тұрады.

- Мемлекеттік органдар қаржылық көмек беруге ниет білдірді ме? Әлде, сізге халықаралық қорлар мен банктердің гранттарымен жұмыс істеу қызықты болды ма?

- Қаржылық көмек іздеп мемлекеттік органдарға жүгінген емеспін. 2004 жылы халықаралық қордың қазақстандық өкілдігінен грант алынды, ал 2013 жылы өздерінің сайттарында және біздің қосымшада өз қызметтерін орналастыра отырып, жобаға қазақстандық банктердің бірі көмек қолын созды. Қазіргі таңда жоба сайт парақшасындағы баннерлік жарнаманы орналастыру есебінен өмір сүріп келеді.

- Өз тәжірибеңіз бойынша қазақ тілін меңгеру соншалықты оңай деп айта аласыз ба?

- Мен қазақ тілін еркін сөйлей алатындай меңгермеген адаммын. Бірақ, өз жұмысымның талабы бойынша көптеген қазақ сөздерін білемін, кейде тіпті сайтта қолданушылардың сұрақтарына жауап бере отырып көмектесе де аламын. Жалпы, кез келген тілді меңгеру уақыт пен ерік-жігерді талап етеді. Сонымен бірге, тілді үйренудің тұрақтылығының да маңызы зор. Ағылшын және испан тілін меңгеруге тырысқан өз тәжірибеме сүйене отырып айтып отырмын.

- «Sozdik.kz» орыс тіліндегі сөз тіркестері мен кейбір сөйлемдерді сөзбе-сөз емес, мағынасы бойынша аударғысы келетінін байқаймыз. Ал әзірге мағынасы бойынша аударуға келмейтін сөз тіркестері мен сөйлемдер қалды ма? Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?

- Иә, фразеологиялық айналым деп аталатын берік сөз тіркестерін міндетті түрде мағынасына қарай аудару керек. Сөзсіз, сөздіктің электронды базасына енбей жатқан әлі қаншама тұрақты сөз тіркестері, мақал-мәтелдер баршылық. Аталған мәселе ақырындап сөздік базаны толықтыру жолы арқылы шешіліп келеді.

- «Sozdik.kz» сайтының штаты ауқымды ма? Мәліметтер базасында бәлкім жаңарту жұмыстары жүргізіліп, жаңа сөздер қосылып тұратын болар?

- Жоба бойынша жұмысты көп жағдайда өзім жалғыз атқарамын. Бірақ, менің астаналық Асқар Сыздықов деген досым бар. Ол sozdik.kz сайтының Android және iOS қосымшаларының авторы болып саналады. Біз екеуіміз екі қалада тұрып жатқанымызбен, өзара берік қарым-қатынаста жұмыс атқарамыз. Осының арқасында жобаның сапалы әрі ыңғайлы мобильдік қосымшалары жасалып жатыр.

Аудармашылардың сөздік базасы жұмысына мен тұрақты түрде мамандарды жұмылдырып, сөздік базасындағы белгілі бір фрагменттерді тексеріп беруді өтінемін. Сонымен қатар, қаржылық жағдайым мүмкіндік берген жағдайда студияға дыбыстауды тартамын - қазіргі таңға дейін кәсіби дикторлар 16 мың қазақ тіліндегі сөзді дыбыстап, сайтқа енгізді. Базадағы өзгерістер мен қосымшалар жиі енгізіліп тұрады. Жобада тіпті, өз талап-тілегі бойынша сөздік мақалаларға әрдайым түзетулер мен толықтырулар енгізіп, көмек көрсететін адамдар бар.

- Сайт жұмысына байланысты мақтау сөздерді жиі естіп тұрасыз ба, әлде сынаушылар да бар ма?

- Жалпы, біздің сайт пен қосымшаларды қолданушылар жұмысымызға жоғары баға беріп жатады. Бұған біздің Android қосымшасындағы парақшаға қалдырылған пікірлерді оқысаңыз көзіңіз жетеді. Қазақ тілін жақсы меңгерген адамдар жалпы жақсы баға береді. Сөздікті сонымен бірге белгілі бір сөздің мағынасын ажыратып, оны қолданудың үлгісін көрсетіп бере алатын кәсіби аудармашылар да қолданады.

Сайт жұмысының механизмін түсінбеген адамдар әлбетте жағымсыз пікірін білдіріп жатады. Ондай адамдар қисынсыз мәтінді аударуға тырысады немесе сөзді жазуда қате тереді. Ондай жағдайда сөздік ешкімге көмектесе алмасы анық.

- «Sozdik.kz» сайтын болашақта қалай елестетесіз?

- Сөздіктің сөздік қорын, әсіресе қазақ-орыс аудармасы бағытындағы базаны әлі де толықтыру керек. Қазақ сөздерін дыбыстауды жалғастыру жұмысы тұр. Көп жағдайда сөздік аударманы дәл бере алатындай қазақ тілінің морфологиясын да енгізіп қою аса пайдалы болар еді. Сонымен бірге, ағылшын-қазақ және қазақ-ағылшын бағыттарын да базаға қосып қойғымыз-ақ келеді. Аталған тапсырманы орындауда техникалық тұрғыда бәрі де дайын. Бұл міндеттерді орындау үшін мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясындағы ынтымақтастық бізге аса пайдалы болар еді.

Соңғы жаңалықтар