Созбалаңға салынған Балқаш-Бурылбайтал-Күрті жолының биыл 208 шақырымы жөнделеді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы бірнеше жылдан бері бітпей келе жатқан «Балқаш-Бурылбайтал-Күрті» жолындағы жөндеу жұмыстарының беталысы туралы мәлімет ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балқаш-Бурылбайтал-Күрті» бағытындағы 516 шақырым жолды жөндеу жобасы 10 учаскеден тұрады. Оның ішінде «Бурылбайтал-Күрті» бағытындағы 62 шақырымды және «Бурылбайтал-Ақсүйек-Қаншеңгел» бағытындағы 81 шақырымды «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы жөндеуге тиіс. Қалған 8 учаскені жөндеуге Автомобиль жолдары комитеті тапсырыс берген.

Компанияға қарасты жобалар 2019 жылы басталған болатын. Жекелеген учаскелерде жөндеу жұмыстары 2017-2018 жылдары басталып кеткен. 2022 жылы жалпы ұзындығы 208 шақырым болатын 4 учаскеде жөндеуді аяқтау жоспарланып отыр. Қалған учаскелер келісімшарт бойынша 2023-2024 жылдары аяқталуы керек», - деп жазылған акционерлік қоғамның ҚазАқапарт сауалына жолдаған жауабында.

Ұлттық компанияның мәліметі бойынша, жобалардың ұзаққа созылып кетуіне 2020-2021 жылдардағы COVID-19 пандемиясы әсер еткен.

«Мердігерлер шекаралардың жабылуына байланысты жобаға қажет қондырғылар мен қосалқы бөлшектерді сырттан әкеле алмай қалды. Жұмысшыларды жұмылдыруда да қиындықтар болды. Сондай-ақ, жол-құрылысы материалдарының айтарлықтай қымбаттауы да жұмыс барысына кедергі келтірді.

«Бурылбайтал-Күрті» бағытындағы учаскелерде аталған қиындықтар туындағанға дейін де проблема байқалды. Жолдың Жусандала қорық аумағында жатқан бөлігінде жерасты карьерін ашуға тыйым слынған. Осыған байланысты жерасты карьеріне телім бөлінгенге дейін жұмыс тоқтап тұрды», - делінген жауапта.

Осы аталған түйткілдердің бәрі қазіргі таңда негізгі жол-құрылыс материалдарының, еңбек ресурстарының қымбаттауына алып келсе керек.

«Мердігер ұйымдар мен «ҚазАвтожол» акцонерлік қоғамы Еуропа даму және қайта құру банкімен аталған жобаны әрі қарай іске асыру жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Жолдың 81 шақырымындағы (Ақсүйек-Қаншеңгел учаскесі) жұмыстарды аяқтап, қолданысқа беру туралы келісімге қол жеткіздік», - деп жазылған акционерлік қоғамның баспасөз қызметі ұсынған жауапта.


Соңғы жаңалықтар