Созақта өзін өлтірмек болған жас жігітті полицейлер құтқарып қалды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы полицейлері өзін-өзі өлтірмек болған жас жігітті құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

14 сәуір күні кешқұрым жергілікті тұрғындар полицияға хабарласып, көпқабатты үйдің шатырында ер адам тұрғанын айтқан.

«Созақ аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы, полиция лейтенанты Мұрат Жұрықбаев бірден оқиға болған жерге аттанды. Полицей әлгі адамның үйдің шатырынан секіруге оқталғанын бірден байқады. Учаскелік инспектор Мұрат Жұрықбаев жедел әрі үйлесімді әрекет жасады, себебі абайламай жасалған бір әрекеттің өзі орны толмас қасіретке апаруы мүмкін еді. Ол жас жігітке сақтықпен жақындап, қас қағым сәтте оны қапсыра құшақтап, қауіпсіз арақашықтыққа алып кетті. Созақ аудандық жергілікті полиция қызметкерлері инспекторға көмекке келіп үлгерді» делінген хабарламада.

Полицейлер жас жігітке медициналық және психологиялық көмек көрсетті. Жас жігіт Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Оны мұндай әрекетке қаражат қиындығы итермелеген.

Аталған дерек полиция бөліміндегі алдын ала тергеу тізіліміне тіркелді. Қазір болған оқиғаның жай-жапсары анықталуда.

Соңғы жаңалықтар