Созақта қола дәуірінен сақталған құнды ескерткіштер бар

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Созақ ауданында қола дәуірінен бері сақталып келіп жатқан 3500 таңбалы тас бар. Тау ішінде орналасқан петроглифтер ашық аспан астында орналасқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тасқа басылған тарихи жәдігерлер Созақ ауданы, Абай қыстағының оңтүстік-батысында, Қаратаудың Келіншектау жотасынан бастау алатын кішігірім Арпаөзен бойында орналасқан. Сондықтан ғалымдар мен жергілікті тұрғындар петроглифтерді «Арпаөзен таңбалы тастары» деп атайды.

Мұнда тарихи суреттер бейнеленген 3500 тас бар. Негізгі сюжеттері аңшылыққа, жаугершілік тақырыпқа және жан-жануарлар тіршілігіне арналған. Мәселен, жылқы, өгіз, түйе жеккен, соғыс, шаруашылық арбаларының бейнесі кездеседі.

Петроглифтерді зерттеп жүрген ғалым Бауыржан Байтанаев Арпаөзендегі таңбалы тастарды кеңінен насихаттау үшін туризм кластерін дамыту керектігін айтады.

«Киелі Созақ жерінде орналасқан Арпаөзен таңбалы тастары немесе Арпаөзен петроглифтері – қола дәуірінен сақталған құнды ескерткіштерге жатады. Жартасқа таңбаланған суреттерді біз кейінгі ұрпаққа жеткізуде вандалдардан қорғауымыз керек. Ол үшін бұл жерде туризмді дамытып, петроглифтерді ЮНЕСКО тізіміне енгізу керек», – дейді ол.

Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Қырым Алтынбеков Арпаөзен петроглифтерінен ашық аспан астындағы музей жасау арқылы құнды жәдігерлерді қорғауға болатынын айтты.

«Бұл петроглифтер жақсы сақталған. Қуанышқа орай, ешкім тиіспеген. Оларды бұдан әрі де сақтап қалуымыз қажет. Себебі бұл әр ғасырдан, әр уақыттан сыр беретін энциклопедия. Сондықтан ашық аспан астында мұражай жасау керек», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар