Созақ ауданында түйе шаруашылығын дамыту ісі жанданып келеді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Созақ ауданында түйе шаруашылығын дамыту ісі жанданып келеді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына орай ауданда түйе сүтін көптеп өндіріп, тиімді бағада саудалау үшін түйешілермен арнайы семинарлар өткізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауданда ағымдағы жылдың өзінде өңірдегі сүтті бағыттағы түйе санын 1600 басқа арттыру көзделіп отыр. Бүгінде аудан әкімі С.Полатовтың бастамасымен ірілі-ұсақты түйе бағатын қожалықтарды біріктіру мен асыл тұқымды сүтті мол көлемде беретін түйелерді сатып алу, сүт қабылдау бекеттерін ұйымдастыру мәселелері қарастырылуда. Төрт ауылдық округте сүт қабылдау бекеттері орналастырылған болса, соның бірі «Бағдат» шаруа қожалығының қорасында тұр. Аталған қожалықта бүгінде 505 бас түйе бар болса, оның 276-сы аналық бас саналады. 4 мың гектар жайылымы бар қожалық биыл сауынды түйе санын 50-ге жеткізіп, тәулігіне 150 литр сүт өндірсек деп отыр.
«Жуырда бізге Түркістан қаласындағы түйе сүтін терең өңдейтін зауыттан өкілдер арнайы келіп, 1 тонналық сүт қабылдау қондырғысын орнатып кетті. Онда өзінің салқындатқышы, қозғап тұратын тетігі бар. Зауыт өкілдері бір литр түйе сүтін 1000 теңгеден сатып аламыз деп отыр. Енді бірер айда бізде 20-30 түйе сауыла бастаса, аптасына шамамен 300 литр түйе сүтін өндіре аламыз. Бұдан бөлек, көрші шаруа қожалықтарының да сүттерін қабылдап, шамамен аптасына 1 тонна сүтті зауытқа өткізе аламыз деп болжап отырмыз», – дейді «Бағдат» шаруа қожалығының жетекшісі Патима Нышанбаева.
Жалпы, қазірдің өзінде аудандағы түйе саны 11 мыңнан асып отыр. Ендігі міндет-аналық басты түйе санын 1600-ге арттырып, сүт көлемін 4 мың тоннаға жеткізу.
«Бұл жоспарды орындау үшін өңірде арнайы бағдарлама түзіліп, Түркістан қаласындағы «Colden Camal» зауытымен бірлесіп жұмыс істеу ісі жандануда. Осының негізінде ауданда 4 қожалықтың қорасына 1 тонналық сүт қабылдау бекеттері орналастырылды», – дейді Созақ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Қанат Утанғазиев.


Соңғы жаңалықтар