Сөз өнерінің ордасы «Қазақ Әдебиетіне» - 80 жыл

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде қазақ руханиятының қара шаңырағы «Қазақ Әдебиеті» газетінің 80 жылдығына орай ғылыми-практикалық конференция өтті.

Салтанатты шарада ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, информатизация және ақпарат комитетінің төрағасы Сәкен Сәрсенов ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің құттықтау сөзін оқып берді.

«20 ғасырдағы ұлттық руханияттың қайнар көзі болған «Қазақ Әдебиеті» газетінің 80 жылдық мерейтойы құтты болсын. Алаш көсемдерінің сөз алаңына айналып, әдебиет пен өнер, мәдениет саласында зор ағартушылық қызмет атқарған басылым еркін ойдың, елдіктің үнжариясы бола білді. Абыз басылымда қаламының іздері қалған ұлт қайраткерлерінің көрнекті ақын-жазушылардың еңбегін халқымыз әрдайым қадір тұтады. Еңбектеріңіз жана берсін. Елдің гүлденуі жолындағы ортақ мақсат-мұратымыз баянды болсын», - деді Сәкен Сәрсенов Үкімет басшысының құттықтауын жеткізе отырып.

«Қазақ Әдебиеті» газетінің 80 жылдығына орай ҚР Үкіметінің ақпарат саласының үздігі төсбелгісімен газет ардагері Гүлжамал Теміреева, ОҚО-дағы меншікті тілшісі Ғалымжан Елшібаев, газет ардагері Рыскүл Жұмабаева, Роза Сейілханова, Қаракөз Сімәділ марапатталды.

Халықаралық жиынға түркі мәдениетінің жанашыры ТҮРКСОЙ ұйымының атынан қатысқан жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев та қатысты.

«Түркі мәдениетін дамытуға құрылған Түрксойға мүше елдердің атынан 80 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз. Бұл - тек қазақ елінің ғана емес, түгел түркі әлемінің айтулы мерекесі. Түркі әдебиетінің құрамдас бөлігі - қазақ әдебиеті сөзсіз бай әдебиет. Қазақ жазушыларының өлмес шығармалары түркі тілдес халықтардың руханиятына қосылған баға жетпес қазына екені мәлім. Ғасырдан ғасырға жеткен қазынамызды ұрпаққа жеткізу ортақ міндет», - деді Мәлік Отарбаев бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің құттықтауын жеткізе отырып.

Конференцияда негізгі баяндаманы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы жасады.

Сондай-ақ, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Оразбек Сәрсенбаев, «Егемен Қазақстан» газетінің президенті Сауытбек Абдрахманов, ҚазҰУ-дың ректоры, академик Ғалым-Қайыр Мұтанұлы, жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінде біраз жылдар бас редактор болған Ахат Жақсыбай, «Жамбыл» журналының бас редакторы, жазушы Несіпбек Дәутайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы сыйлықтың иегері, ақын Ертай Ашықбаев, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі Қарагөз Сімәділ сөз сөйледі.

Осы салтанатқа арнайы келген шетелдік қаламгерлер - Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуп Делимероғлы, ҚХР Жазушылар журналының Бас редакторы Акбар Мәжит, Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы Ақбар Рысқұловтар жылы лебіздерін білдірді.

Конференция басталмас бұрын кітапхананың залында арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеге алғаш жарық көргеннен бергі газет тігінділері, әр жылдардағы басылым тарихынан сыр шертетін фотосуреттер, газет авторларының, көсемсөзшілердің кітаптары қойылды.

Соңғы жаңалықтар