«Союз МС-11» ғарыш кемесінің экипажы Қазақстанға сәтті қонды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бортында ресейлік ғарышкер Олег Кононенко, канадалық Давид Сен-Жак және америкалық ғарышкер Энн Макклейн бар жерге қонушы аппарат 2019 жылдың 25 маусымы күні Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен 08 сағат 47 минутта жерге сәтті жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Роскосмостың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, орбитадан түсу және жерге қону бойынша барлық операциялар штаттық режімде өтті. Экипаждың жағдайы жақсы. Қазақстан ғарышкерлерді қарсы алуға дайындалып жатқаны бұған дейін хабарланған болатын.

Қону кезеңі тікелей эфир арқылы көрсетілді. Ғарыш аппараты ашылғаннан кейін космонавтар капсуладан шығарылып, жердің ауырлық күшіне дағдылану үшін арнайы креслоларға отырғызылды. Одан кейін ғарыш киімдерін шешу үшін медициналық шатырға жеткізілді.

Экипаж тікұшақтармен Қарағандыға жетті. Ол жерден Кононенко Мәскеу жанындағы ғарышкерлер дайындайтын орталықтың ұшағымен Чкаловский әуежайына аттанады. Ал Сен-Жак пен Макклейн НАСА ұшағымен ұшудан кейінгі оңалтудан өту үшін Американың Хьюстон қаласына ұшпақшы.

Кононенко-Сен-Жак-Макклейн экипажы Халықаралық ғарыш стансасында 2018 жылдың 3 желтоқсанынан бастап жұмыс істеді. Олар ХҒС-та болу кезінде Crew Dragon ұшқышсыз кемесін, «Прогресс МС-11», Cygnus және Dragon жүк кемелерін қабылдады.

Ашық ғарышқа бес рет ұшу орындалды: екеуі ресейлік бағдарлама бойынша, үшеуі - америкалық. ХҒС-та келесі ғарыштық ауысымды ресейлік Алексей Овчинин мен америкалық Ник Хейг және Кристина Кук жалғастырмақшы.


Авторы: Сара Кабикызы

Соңғы жаңалықтар