Соттың істі қарауын барынша объективті етуге екпін қойылған - Жақып Асанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Соттың істі қарауын барынша объективті етуге екпін қойылып отыр. Бұл туралы «Қазақстандағы сот жүйесінің реформасы: озық халықаралық практиканы пайдалана отырып, жаңа сын-қатерлердің шешімін табу» атты дөңгелек үстел отырысында ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қылмыстық процесті шартты түрде үш сатыға бөлуге болады: сотқа дейінгі тергеу (сотқа дейін болатын қадамдар), соттың істі қарауы және үкімді орындау. Кез келген ел үшін, қоғам үшін қылмыстың беті қалай ашылғаны, айғақтар мен дәлелдер қалай жиналғаны маңызды. Сонымен қатар, қылмыстық жазалау мен басқа да міндеттер қалай орындалып жатқаны да өзекті», - деді Ж. Асанов.

Оның айтуынша, бұл процесте соттың істі қарауы маңызды болып қала береді.

«Қылмыстық процесте үнемі соттың істі қарауы негізгі буын ретінде болған және солай бола береді де. Яғни бірінші инстанция аясында судья істің мәні бойынша қарастырған кезеңді айтып тұрмыз. Сондықтан біздің сот айыптау парадигмасынан еркін болуы үшін басты соттың істі қарауын қалайша барынша объективті етуді талқыламақпыз. Кезінде кеңестік қылмыстық құқықпен қамтылған барлық елдер осы созылмалы ескі мұраға тап болып отыр», - деді ҚР Жоғарғы сотының төрағасы.

Айта кетейік, іс-шараны ҚР Жоғарғы соты, ЕуроОдақ, Еуропа Кеңесі және Венеция комиссиясы ұйымдастырып отыр.

Жиынға Қазақстан мен Қырғыз Республикасы Жоғарғы Соттарының судьялары, Президент Әкімшілігі, Парламент, Қауіпсіздік Кеңесі, Конституциялық Кеңес, Әділет және Сыртқы істер министрліктерінің, ғылыми ортаның, Еуропа Кеңесі мен Еуро Одақтың, халықаралық ұйымдар мен шетелдік заңгерлік қауымдастықтың өкілдері қатысып жатар.


Соңғы жаңалықтар