Соттар пара үшін қатаңырақ жазаласа дейміз - Агенттік

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанындағы арнайы мониторинг тобының мүшесі Алдан Манкеев соттарға пара үшін қатаңырақ жазалауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз бұл бағыттағы жұмысты ұмытпауымыз керек. Себебі, сыбайлас жемқорлықпен күресте бұл маңызды құрал болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы заңдардың басым бөлігі қазір жұмыс істеп тұр. Десе де, шетелдерден оңтайлы тәжірибелер көріп жатсақ, оларды сіңіре білуіміз керек. Мәселен, Германия Қылмыстық кодексін талдай отырып, ұсынарым: параны алу немесе беру үшін ғана емес, ұсыну және параны алуға келіскені үшін жазалау да керек. Біздің ойымызша, соттар бұл ретте қатаңырақ жаза беруі тиіс», - дейді Алдан Манкеев ведомствода өткен баспасөз мәслихаты барысында.

Сонымен бірге, ол мемлекеттік қызметшілердің кірістері туралы мәліметтерді мемлекеттік органдардың сайттарына жариялау керек деп есептейді. Оның айтуынша, ІІМ-де нақты мынадай мәселе бар: полиция қызметінде еңбектің бағаланбайтыны сезілетіндіктен, бұл жағдай жемқорлық қылмысқа итермелейді.

«Қызметшілердің арасында сауалнама жүргізе отырып, полицейлердің өзі қызметтік көлік құралы үшін шығындалатынын анықтадық. Мәселен, көлікті жөндеу, дөңгелегін ауыстыру, оны күнделікті жуу, мотор майы мен өзге де сұйықтықтарын құю секілді шығындардың бәрін олар өз қалтасынан шығарады. Кейде жанар-жағармайдың жеткілікті деңгейде берілмейтіні де бар. Міне, осы жерден-ақ айлығы 75-100 мың теңгелік қызметші өз жалақысын бұл шығындарға шығарғысы келмейтіні анық. Осы жағдай полиция қатарында жемқорлыққа себеп болады деген ойдамын», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар