Сотталып шыққандарды жұмыспен қамту үшін меморгандардың өзара әрекеттестігін жақсарту керек - С. Жақыпова

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сотталып шыққан тұлғаларды жұмысқа орналастыру үшін мемлекеттік органдардың өзара әрекеттестігін жақсарту керек. Бүгін Мәжілісте «Нұр Отан» фракциясының Әлеуметтік кеңесі отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова осылай мәлім етті.

Еске салайық, Кеңес отырысында қылмыс жасап, сотталып шыққандарды әлеуметтік бейімдеу мәселелері талқыланған болатын.

«Мен мынадай мәліметтерге жіті назар аударуды сұрар едім: жыл сайын бас бостандығынан айыру органдарынан 9 мыңнан 11 мыңға дейін азаматтар босап шығады, алайда жұмыспен қамту органдарына олардың тек он пайызы ғана келеді. Мәселен, былтырғы 2014 жылы 1218-і ғана келді. Мен уәкілетті органдар тарапынан әлеуметтік қорғау ведомстволары босап шыққан тұлғалармен айналыспайды деген сынды естіп қаламын. Соған сәйкес мәселе - біз айналыспайды емеспіз, олар бізге келмейді, олардың бізге келгені қажет. Олар келмеген соң ешқандай да бес пайыздық квотаның орындалуы, жұмысқа орналастыру да болмайды. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында ешқандай да мәселе жоқ. Ең бастысы, мемлекеттік органдардың өзара әрекеттестігінде болып отыр», - деді С.Жақыпова.

Оның айтуынша, бүгінгі күні Қылмыстық атқару жүйесінде әзірленіп жатқан ақпараттық жүйеге барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, соның ішінде сотталғандарды есепке алумен айналысатын органдардың ықпалдастығы қажет.

«Бұл интеграция Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «еңбек нарығы» жүйесімен де байланысуы керек. Сонда ғана біз түрмеден босағандардың жұмысқа орналасуы туралы мәліметтерді толыққанды көре аламыз», деді С. Жақыпова.

Соңғы жаңалықтар