Сотталғандарға жолданатын сәлемдеме салмағы 20 келіге ұлғайтылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров елдегі қылмыстық атқару жүйесі қалай жаңғыртылып жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сотталғандарды қашықтықтан бақылау үшін планшеттер мен электронды білезіктер енгізілетінін көптен бері айтып жүрміз. Бұл есепке алынған азаматтардың пробация қызметінің қызметкерлерімен физикалық байланыстарын барынша азайтуға мүмкіндік береді және олардың белгілей орнына келіп-кету шығындарын үнемдейді», - деді Арыстанғани Заппаров адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында.

Министрдің орынбасары түрме инфрақұрылымын жаңғырту, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін бейнебақылау жүйелерімен жарақтандыру, сондай-ақ жазасын өтеп жатқан адамдарды медициналық қамтамасыз ету мәселелері туралы да айтты.

«Сотталғандарды ұстау жағдайын халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру, қылмыстық жазалардың орындалуын реформалау, азаптау фактілерін болдырмау – ішкі істер органдарының алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Соңғы жылдары сотталғандардың тамақтану рационы қайта қаралды. Ірімшік, қаймақ, шұжық өнімдері, шырындар, жаңа піскен жемістермен толықтырылып, ет, балық, сүт және сүзбе беру 1,5 есеге артты», - деді министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, биыл Үкімет қаулысы бойынша әр сотталған адамның тамақтану нормасы тәулігіне 40%-ға (630-дан 1018 теңгеге дейін) ұлғайтылыпты. Абақтыдағы азаматтардың азық-түлік пен қажетті тауарларды сатып алуы үшін «электрондық дүкендер» енгізіліп жатыр.

«Сәлемдемелердің салмағы 14-тен 20 келіге дейін ұлғайтылды. Өзімен бірге алып жүруге, сәлемдеме мен бандероль күйінде алуға және мекеме жанындағы дүкендерде сатып алуға рұқсат етілетін заттардың тізбесі кеңейтілді. Барлық мекемелерде Бас прокуратураға және басқа да мемлекеттік органдарға шағым беру үшін 121 электрондық терминал орнатылған. Биыл тағы 122 терминал сатып алу жоспарланып отыр», - дейді Арыстанғани Заппаров.

Ішкі істер министрлігінің өкілі елдегі қылмыстық атқару жүйесінде 65 медициналық бөлім, 15 медициналық пункт, екі соматикалық, үш туберкулезге қарсы және бір психиатриялық аурухана бар екенін атап өтті. Өткен жылы 5,6 мыңнан астам науқас консультациялық-диагностикалық көмек алса, 400-ге жуық хирургиялық операция сәтті жүргізілген.

Бүгінгі таңда республиканың 80 пенитенциарлық мекемелерінде 1,7 мыңнан астам әйел, 716 мүгедек және 47 кәмелетке толмаған жасөспірім жазасын өтеп жатыр.


Соңғы жаңалықтар