Сотта қылмыскерді қорғайтын уәж таба алмай қиналдым- адвокат

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Адвокат Нұрбибі Есмағанбетова 2 сыныптан бері Абайдың өлеңдерін оқып, қара сөздерін жаттап өскен. Сондықтан да болар ол сотта айтатын сөзін қағаздан оқымай, өз ойын жинақы жеткізеді. Ол жеке қорғаушылықтан гөрі мемлекет тарапынан берілетін істерге басымдық береді. Кейде қылмыскердің адвокаты болса да жәбірленушінің жан дүниесін түсініп, сот отырысында жылаған кездері де болған. ҚазАқпарат тілшісі адвокаттың жұмысы мен оның қиын сәттердегі шешімдері туралы әңгіме өрбітті.

- Нұрбибі Есмағанбетова сіз мемлекет тарапынан берілген және жеке өзіңізге жүгінген адамдардың ісін қатар алып жүресіз бе?

- Ия, екі жұмысты қатар алып жүрмін. Бірақ мемлекеттік істерге қатысқанды жақсы көремін. Егер негізгі үмітіміз ақталмаса жекенің ақшасын алған соң өзіңді өзіңе сенім білдірген адамды алдағандай күй кешесің. Себебі, адвокат жұмысының нәтижесі сот шешіміне байланысты. Заңды талаптарың сотпен ескерусіз қалып, тауым шағылған кезде клиенттің бетіне қарай алмай қаласың. Өкініштісі, мемлекет тарапынан берілетін адвокаттарға сенім аз. Кейде сотқа дейінгі тергеу органдарында кезекші адвокат болып мемлекет тарапынан кепілдік берілген қылмыстық іске қатысқанда қорғауыңдағы адам адвокаттан көрі тергеушінің сөзіне иланып, кейде «маған адвокаттың қажеті жоқ» дейтіндері бар.

- Келісіп тұрып, кетіп қалатындар бола ма?

- Бірден «істі басқаша жолмен шешіп бере аласыз ба» деп сұрайтын адамдар бар. Мен істі заңның аясында ғана шешілетінін айтқан кезде «сау болуыңыз» деп кері бұрылып кететін адамдар бар.

- Адвокаттар арасында бәсекелестік бар ма?

- Біз бір-бірімізбен бәсекелеспіз деп айта алмаймын. Біз жеке жүріп, адамдардың құқықтарын қорғаймыз. Жүйріктер әліне қарай шабады. Біздің қаруымыз - тіл. Заңсыздық бар екенін сөзбен жеткізе білуіміз керек. Ол үшін тілдік қорымыз мол болуы тиіс. Мақал-мәтел де маңызды. Іске қатысатын адамдардың ішінде қарапайым заңнан хабары жоқ адамдар отырады, айтқан сөзің қатысушылардың бәріне түсінікті болу үшін заңнамаларға сілтеме жасай отырып, әдеби тілмен өрнектеп, жүрекке жеткізетіндей ету керек.

- Қызметіңізді қорғаушы болудан бастадыңыз ба?

- Жоқ, мен педагогпын. Ақтөбе педагогикалық училищесін бітіріп, тәрбиеші болдым. Кейін жоғары оқу орнында педагогика-психология мамандығын меңгердім. Колледждерде психологиядан сабақ беріп, заңгерлік салаға қатысты білім алдым. Сол кездері облыстық соттың төрағасы болған марқұм Иран Әміров қазақ тілін жетік меңгергенім үшін жұмысқа шақырып, қабылдады. Судья болу үшін емтихан тапсырып, тағылымдамадан өттім. Тура айтып, туғаныңа жақпай қалатын мінезіммен басшыларға жақпай қалып, судья емес, адвокат болған жайым бар. Ақтөбе облыстық сотында 2001-2010 жылдары әртүрлі қызмет атқардым. Иран ағадан кейінгі келген бастықтардың бірінің де жұмыстарына көңілім толмады. 2010 жылдардан осы уақыт аралығында адвокат болып қызмет жасап келемін.

- Бір істе сіз жәбірленушіні, екінші істе сотталушыны қорғайсыз? Қайсысы қиын? Қиналған кезде тығырықтан қалай шығасыз?

- Иә, кей кезде істің мән-жайын зерттегенде қорғауыңдағы адамнан гөрі жәбірленушіні аяйтын кезің болады. Бір іс есімде аса ауыр қылмыс бойынша сот отырысы болды. Екі баласы бар ер адам 13 жастағы жеткіншекті зорлады. Сотталушыны қорғауға мемлекет тарапынан мені жіберді. Істі қарап, тексеріп, жәбірленушінің жағдайын көріп, оған жаным ашыды. Кішкентай қыздың анасы жүйке ауруына шалдыққандарға арналған ауруханада ем қабылдап жатыр, өзі әжесінің қолында. Әжесі ауырып қалып, ол такси қызметін атқарып жүрген көршісіне ертіп, дәріханаға жібереді. Сол кезде көршісі дәріханаға емес, ауыл шетіндегі бейіт жанына апарып, сексуалдық зорлық көрсетеді. Қыз өз-өзіне қол жұмсамақ болған кезде әжесі көріп, мән-жай анықталады. Жәбірленуші тарапқа қарай алмай, олар жылағанда өзім қоса жыладым. Мен де адаммын, анамын. Қорғауымда болған адамды қорғайтын уәж таба алмай қиналдым. Істен бас тартуға болмайды.

- Жұмысыңыз жеке өміріңізге әсер ете ме?

- Біз біреудің өмірімен өмір сүреміз. Істен жеңіліп қалған кезде салың суға кетіп, шаршап келесің. Түнімен ұйқың келмейді. Сондықтан бір іс аяқталса, екі апта демаламын. Бассейнге барамын, демалыс орнында тынығымын. Күнде таңертең жаттығу жасаймын, кешке серуенге шығамын. Отбасымыз саяжай аумағынан үй салды, онда түрлі жеміс ағаштары бар, ауасы таза. Әрі ауылдан шыққан бізге ошақтың иісі де ыстық. Соңғы уақытта баянда ойнауды үйреніп жүрмін. Сабаққа барамын, өзімнің ұстазым бар. Кейде білімді, жан-жақты тақырыпты қамти алатын адамдармен кездескім келеді. Бірақ ондай адамдарды табу қиын.

- Заңгер заңсыздық көреді, бірақ қолынан ештеңе келмейді. Дәл осы кезде не істеуге болады?

- Өзіңді жейсің. Ауырдым, жүйкеге салмақ түскенен адамның буындарына да кері әсерін тигізеді екен. Заңсыз іс болса ақылы істерден бас тартамын.Ісі дұрыс, нақақтан күйген адамдарды қабылдаймын. Адамдарды алдауға құқымыз жоқ. «Болмайтын істі болдырамын» деу заңға қайшы әрекет.

- Табысыңыз аз ба?

- Табыс табу өзіңе байланысты. Істі көп алсаң табысыңда болады. Мен өзімді аяймын. Ақшадан денсаулық маңызды. Жас кезімде карьера қудым, бірақ тауым шағылды. Бұл өмірде не тындырдым? Осы ой мазалайды. Менің әкем 2 сыныптан бастап Абайдың өлеңдерін жаттатып, қара сөздерін оқуды үйретті. Шаштараз болсам, шашты дұрыс қимағаным үшін өзіме өкпелейтін едім. Мұнда жұмысыңның нәтижесі сотқа байланысты, шешім шығаратын да сол. Бір сәтте еңбегің быт-шыт болып кетеді.

- Сіз өлең оқығанды жақсы көресіз. Жарыссөзде, сот отырысында қолданған кезіңіз болды ма?

- Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Бозторғай» өлең бар. Онда:

Бозторғай қорлық көріп тұрымтайдан,

Таяныш таба алмапты қырдан, ойдан.

Болыпты мұңын айтпақ, зарын айтпақ,

Қырғиды кездестіріп көрсе қайдан, - деп басталады. Қырғи, қаршығаға, ең соңында бүркітке барады. Бүркіт әлсіз құсты жеп отырғанын көрген кезде бозторғай:

Апырау, мынау біздің төреміз бе?

Шынымен ақты көрмей өлеміз бе?

Нашарға бұл қалайша теңдік бермек?

Құдайым көн деген соң көнеміз де,- деп аяқталады. Қазіргі заман да осы. Әрі-сәрі күйде мамандықты дұрыс таңдамаған болармын деп ойлаймын. Заңымыз бар, бірақ талаптары көбінесе орындалмайды. Абай шығармаларын, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолын» оқып онда Абайдың өзінің туған ағасы Тәкежан мен оның әйелінің ісін сынаған «Қараша желтоқсанмен сол бір екі ай» деген өлеңінде жеңгесі Қаражанның кедей балаларымен келген немересіне тамақ беріп «үйде отырып же, ана кедейдің жүгермектері асыңды ішкізбейді» дегенін естіген Абай «Әкесі мен шешесі баланы аңдыр, олда өзіндей ит болсын азғыр -азғыр. Асын жөндеп іше алмай қысылады, құрбысынан ұялып өңшең жалбыр» деген екен. Мен де болмасаң да ұқсап бақ дегендей, тіке айтып, жақпай қалатыным бар.

- Алдағы уақытта қандай істерді алып, қандай істерден бас тартар едіңіз...

- Мен кішкентай балаларға зорлық қылған істерді алғым келмейді. Ол өте ауыр, адам өлтіргеннен де жаман. Сонымен қатар, есірткіге қатысты істерге қатысқым келмейді. Егер адамның ісі таза болса, нақақтан күйіп кетсе, жанымызды саламыз. Адама тағдырына араша болу парызымыз ғой.

- Арманыңыз...

- Бастысы - еліміз аман, тыныш болсын! Халық қамын жеп, сөз тыңдайтын әділетті сот болса дейміз. «Тыңдалмаған сөз жетім» деген бар. Кейде сот залында судья сөзіңді немқұрайлы тыңдап отырғанын аңғарасың. Ол кезде «сіз мені тыңдамай отырған секілдісіз» деп айтып қаламын. Есесіне тыңдайды, сыйлайды. Ісің таза, сөзің дұрыс болса кез келген адам именеді.

- Соңғы оқып жүрген кітабыңыз...

- Әкем «бір бұзауға сатып алдым» деп Абайдың өлеңдер жинағын ұстап жүретін. Оны ешкімге бермейді. Көз алдында оқып, қайта береміз. Қазір кітапханаға барып, Абай өлеңдерін алып оқимын. Көңіл-күйім түскен кезде кітапханаға барамын. Өзіме ұнаған өлең шумақтарын бірден жаттап аламын. Өміріме көп пайдасы тиді. Балаларыма да оқығанымды, білгенімді айтамын. Қазір олар менімен пікір таластыратын халге жетті десе болғандай. Шаршағанда рух беретінде солар.

- Әңгімеңізге рақмет.

Соңғы жаңалықтар