Сотта «Қазәуеқұтқару» басшысының миллиондаған қарызы мен қымбат іссапарлары белгілі болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Сотта «Қазәуеқұтқару» басшысының миллиондаған қарыздары мен іссапарлары туралы айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот талқылауында «Қазәуеқұтқару» бас директоры Мәлік Досымбеков 2017 жылы мамыр айында Шығыс Қазақстанда өткен оқу-жаттығуға барғанында өзіне және көмекшісіне 5 млн теңге аудартқаны айтылды.

«Біз оның іссапарына қажетті жол шығындары мен қонақ үй шығынына 185 мың теңге аударуымыз керек болған. Бірақ, 170 мың теңге аудардық. Досымбеков мені кабинетіне шақырып алып, қызметтік өтінішсіз оған 3 млн теңге аудару керектігін, жауапкершілікті өзіне алатанын айтты. Мен төлем қағазына қол қоюдан бас тарттым. Оған өзі қол қойды. Сонымен қатар, оның тапсырмасымен Мұқашевке 2 млн теңге аудардық», - деді сотта куәлік еткен «Қазәуеқұтқару» АҚ бас есепшісінің орынбасары.

Бұл айыптауға қатысты Досымбеков өз уәжін айтты. Оның айтуынша, бұл ақша іссапар шығыны емес, есепте тұрған, қайтарылатын ақша ретінде алынған. Дәлел ретінде, Мұқашев бұл соманың барлығын қайтарғанын айтты. Ал Досымбеков жартылай қайтарған.

Сонымен қатар, сот-экономикалық сараптама қорытындысында Досымбековтің «Қазәуеқұтқару» АҚ-нан 76 млн теңге қарыз алғаны көрсетілген. Сондай-ақ, 6 792 372 теңге сыйақы алған. Жалпы алғанда сотталушы акционерлік қоғамға 82 792 372 теңге қарыз екені айтылған.

«Аудит жүргізілді. Оның 85 млн теңге алғаны белгілі болды. Ең негізгісі, ол (Досымбеков-ред) мұны директорлар кеңесімен келіспей алған. Ол соманы қайтаруы тиіс. Қазіргі уақытта 4 млн теңге ғана ақша қайтарылды. Сондай-ақ, оның іссапарына 5 млн теңге бөлінген. Ол біздің акционерлік қоғамымызға 85 млн теңге беруі қажет», - деді жәбірленуші тараптың өкілі «Қазәуеқұтқару» АҚ-ның оңтсүтік аймақтық филиалының директоры Қазбек Мақажанов.

Еске сала кетейік, «Қазәуеқұтқару» директоры Мәлік Досымбеков пен «Қазәуеорманқорғау» басшысы Төлеуғазы Сексенбаев Қытай компаниясының өкілі Ли Хуаодан «Ми - 171Е» тікұшағын жеткізу туралы келісімге қол қою үшін 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара беруді сұрап, 2017 жылдың 10 маусымында 50 мың АҚШ долларын алу кезінде қолға түскен. 

Соңғы жаңалықтар