Сотқа жүгініп, соғыс кезінде еңбек еткендігін дәлелдеді - БҚО

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Тасқала ауданының тұрғыны К.Сейтқазиев өзінің соғыс кезінде еңбек еткендігін сотқа жүгіну арқылы ғана дәлелдей алды.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ол өзінің арызында Камен (қазіргі Тасқала) ауданының Ленин атындағы колхозында 1944 жылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін және 1945 жылы 1 сәуірден 9 мамырға дейін жұмыс жасағандығын көрсеткен. Осы аралықта ол қой бағып, бау-бақшада шөп жұлып, көкөніске су құйып, егін жинаумен айналысқан. Мұны растайтын құжаттар жоқ болғанымен, сол жылдары колхозда бригадирлік еткен Ф.Сальников бар екен. Ол К.Сейтқалиевтің еңбек еткендігін растап берді.

Сөйтіп Тасқала аудандық сотының шешімімен К.Сейтқазиевтің арызы қанағаттандырылып, оның соғыс кезінде жұмыс жасағандығы анықталды. Бұл К.Сейтқазиевтің тыл еңбеккері атануына мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар