Сотқа дейінгі тергеу кезінде мүлікке тыйым салу тәртібі өзгермек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Тергеп-тексеру кезінде прокурор мүлiкке тыйым салуды санкцияласа, онда мүлік иесі қандай затқа бірінші кезекте тыйым салу қажеттігін ұсынуға құқылы. Бұл ашық талқыға шығарылған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасында көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа редакцияға сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде мүлікке тыйым салу тәртібі бекітілген.

«Сот орындаушысы сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде прокурор мүлiкке тыйым салу туралы санкцияланған қаулысын орындау үшін мүліктің бар-жоғын тексереді, оның тізімдемесін жасайды. Билігінде осы мүлік жатқан тұлғаларға мүлікті талан-таражға салуға немесе онымен өзге де әрекеттер жасауға жол берілмейтіні туралы жазбаша түрде ескертеді не тыйым салынуы мүмкін мүліктің жоқ екені туралы акт жасайды. Мүлiкке тыйым салған кезде мүлiктiң құнын айқындайтын маман қатысуы мүмкін», - делінген құжатта.

Дегенмен бұл орайда мүлік иесi қандай заттарға бiрiншi кезекте тыйым салу қажеттiгiн ұсынуға құқылы.

«Тыйым салынған мүлiк алып қойылуы не тергеу судьясының қалауы бойынша жергiлiктi әкiмшiлiктiң, тұрғынжай-пайдалану ұйымының өкiлiне, осы мүлiктiң иеленушiсіне немесе өзге де тұлғаға сақтауға берiлуi мүмкiн. Оларға мүлiктiң сақталуына жауапты екендігі ескертiлуге тиiс, бұл туралы қолхат алынады. Екінші деңгейдегі банктердегi, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдарындағы және кредиттік мекемелердегi шоттар мен салымдардағы ақшаға және өзге де құндылықтарға тыйым салу кезiнде осы шот бойынша шығыс операциялары тыйым салынған қаражат шегiнде тоқтатылады», - деп көрсетілген жаңа редакцияда.

Айта кетейік, қолданыстағы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңында мұндай нормалар жоқ.

Құжатты ашық талқылау 23 қаңтарға дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар