Сот жүйесін реформалаудың жаңа тәсілдері судьялардың тәуелсіздігін одан әрі нығайтуға тиіс - Президент

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Реформалар қоғамның соттарға сенімін күшейтуі, сотқа жаңа кәсіби мамандарды тартуға ынталандыруы, сот процестерінің тиімділігі мен қолайлылығын арттыруы қажет. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің бесінші отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Президент құқықтық реформалар туралы айта келіп, әділ сот төрелігін қамтамасыз ету мақсатында сот жүйесін біртіндеп және жүйелі жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті.

«Бұл құқықтық мемлекеттің аса маңызды көрсеткіші, инвестициялық тартымдылықтың, жеке меншік құқығын қорғауды қамтамасыз етудің негізі. Сот жүйесін реформалаудың жаңа тәсілдері судьялардың тәуелсіздігін одан әрі нығайтуға тиіс. Реформалар қоғамның соттарға сенімін күшейтуі, сотқа жаңа кәсіби мамандарды тартуға ынталандыруы, сот процестерінің тиімділігі мен қолайлылығын арттыруы қажет», – деді Президент.

Мемлекет басшысы әзірленген тетіктер сот саласына құқықтың жекелеген бағыттары бойынша мықты заңгерлер мен мамандарды тартуға мүмкіндік беретінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселе Парламентте азаматтық қоғам өкілдері мен заңгерлердің қатысуымен ашық әрі жан-жақты талқылануы керек деп санайды. Ол тиісті заң жобасын биыл қабылдауды тапсырды.

«Бұл реформа өте маңызды. Ол Қазақстанның заманауи және тиімді мемлекетке трансформациялануына бағытталған жұмыстардың басын біріктіреді», – деді Президент.


Соңғы жаңалықтар