Сот жүйесін реформалау бойынша нақты заңнамалық іс-шаралар әзірленеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сот жүйесін реформалау бойынша нақты заңнамалық іс-шаралар әзірленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Әділет министрі Қанат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сот жүйесін реформалау бойынша нақты заңнамалық іс-шаралар әзірленетін болады. Азаматтық және әкімшілік сот ісін жүргізуді реформалау Парламент депутаттары бастамашылық еткен сот жүйесін реформалау жөніндегі заң жобасы аясында пысықталды. Қылмыстық сот ісін жүргізуді қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне жүргізіліп жатқан ревизия шеңберінде, ал әкімшілік құқық бұзушылық бойынша сот ісін жүргізуді Әділет министрлігі әзірлеп жатқан жеке заң аясында реформалау ұсынылады. Өз кезегінде медиация институтын және сотқа дейінгі талқылаулар жүйесін күшейту жөніндегі ілеспе тапсырмалар ағымдағы заң шығару жұмысы ауқымында пысықталатын болады», - деді министр.

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында заңнамалық актілерге тексер жүргізуді тапсырғанын атап өтті.

«2023 жыл ішінде 260 заң тексеруді ескере отырып қайта қаралатын болады. Заңдарға ревизия жүргізудің кестесі жақын арады бекітіледі. Әділет министрлігі, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың үлгілік функцияларын әзірледі. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдар жаңа тәсілдерді ескере отырып жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, мемлекеттік органдар өз ережелерінде заңға тәуелді актілерді қабылдау жөніндегі функцияларды бекіте алады. Заңнамада бұл үшін алғышарттар жасалған», - деді Қанат Мусин.


Соңғы жаңалықтар