Сот жүйесін қандай өзгерістер күтіп тұр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сот жүйесін біршама сынға алған болатын.  

Елбасы сот жүйесін одан әрі жаңғырту турасында айта келе: «Соңғы жылдары көп жұмыс атқарылды, дегенмен, басты міндет - соттарға деген сенімнің жоғары деңгейін қамтамасыз ету шешімін таппай отыр. Сонымен қатар, құқық үстемдігі - біздің реформаларымыздың табысты болуының негізгі факторы» деген болатын. Реформа туралы бұған дейін де айтылып, атқарылып келді. Ендігі кезек не? Жұртты сот реформасында қандай жаңалық күтеді?  Жақында Президент осы саланың атқамінерлерін Ақордада тағы жинап, сот жүйесін жаңғырту жөніндегі жұмыс тобының есебін тыңдады. Осыған байланысты ҚазАқпарат тілшісі отандық сот жүйесінің негізгі мәселелерін сараптап шыққан болатын.

Жұмыс тобының отырысына бұқаралық ақпарат құралдары қатысқан жоқ. Дегенмен, ресми ақпаратқа қарағанда, жиында топ мүшелерінің баяндамалары тыңдалды. Олардың ішінде ҚР Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов та бар. Өткен айда Астанада болған бір халықаралық семинарда Бас судья отандық сот жүйесін реформалауға қатысты өз көзқарасын жариялаған болатын. Сөз жоқ, Ақордада болған отырыста Жақып Қажыманұлы өз ұстанымын тікелей Президентке де жеткізді. Ендеше Жоғарғы сот төрағасы ұстанымдарына тағы бір көз жүгіртсек.

Жоғарғы сот төрағасының ойынша, бүгінде бизнесті басқару технологияларын мемлекеттік органдарға енгізу керек. Сөйтіп, жұмыстың тиімділігін арттыруға болады. Ал жұмыстың тиімділігін арттыру құпиясы неде? Табыс психологиясының сарапшысы Брайан Трейсидің сауалнамасына сәйкес, ол құпияның сыры мынада: кез келген жұмыста нақты әрі нәтижелі шараларға басымдық беру керек. «1996 жылы танымал Стив Джобс «Apple» компаниясына қайтып келгенде, ең алдымен, қажетсіз өнімдердің 70 процентін қысқартып тастады. Сөйтіп, қалған 30 процентке күш салды. Соның нәтижесінде брендке айналған өнімдер шықты. Сол кезде Стив Джобстың өз ұжымына айтқан бір сөзі бар, «Сіздер дарынды мамансыздар, бос нәрсеге уақыт кетірудің қажеті жоқ!». Осыдан кейін ол 4-ақ өнімді қалдырып, соның негізінде жаһандық компанияны құрып алды», - дейді Жақып Асанов.

Ендеше қазақстандық сот жүйесін де тура солай қажетсіз нәрседен тазарту қажет екен. Сарапшылар судьяларға тек дау-дамайлары бар істерді ғана қалдыру керек деп санайды. Әйтпесе, бүгінде барлық материалдардың 70 процентінде дау-дамай жоқ, яғни жауапқа тартылатындар арыз берушілердің шағымына қарсылық білдірмейді. Мәселен, тұрғын үй коммуналдық қарыздарды өндіруге қатысты ешқандай дау-дамай туындамайды. Себебі қарыз болып қалған адам өз кінәсін біледі әрі мойындайды. Ондай істердің шешімі анық. Ал оған судьялардың біраз уақыты да, күш-жігері де кетеді. Жалпы судьялардың күндік жұмыс жүктемесі қандай? Бір мысал келтірсек, Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотында әрбір судья күніне төрт істі қарайды. Әрбір іс бойынша отырыс өткізу керек. Оған қоса, кеңесу бөлмесінде отырып, төрт шешімді жазып шығуы қажет. Бірақ жұмыс онымен бітпейді. Бір күнде сот орындаушыларының 150 санкциясын рәсімдеп беру керек. Оны кейінге қалдыруға болмайды. Себебі санкциялар бірден берілуі шарт. Статистикаға сәйкес, екі жылда сот материалдарының саны 3,8 млн-ға жетті. Оған қоса, бір жылда берілетін 2 млн-нан астам санкция тағы бар. Бұның барлығы 2100 судьяның мойына түседі. Ондай қарбаласта жұмыстың сапасы бола ма? Әрине, болмайды.

Жоғарғы сот төрағасы судьяларды артық жұмыстан босату қажет деп санайды. Дау-дамайлары жоқ істерді қысқартудан бөлек санкциялардың санын да азайтқан жөн. Мәселен, банк есепшоттарына қатысты санкцияларды прокуратура бере алады. Сондай-ақ, барлық қылмыстық істер сотқа тек прокуратура органдары арқылы ғана түсуі тиіс. Құзіретті мемлекеттік органдар Жоғарғы соттың бастамасын қолдап отыр. Осының арқасында судьялардың қазіргі жүктемесін айтарлықтай азайтуға болады.

ҚР Жоғарғы соты мемлекеттік органдарға қатысты істерді қараудың жаңа әдіс-тәсілдерін де әзірлеп қойды. Соның барлығы жаңа заң жобасына енді. Жақып Қажыманұлының сөзіне қарағанда, дамыған мемлекеттерде мемлекеттік органның үстінен шағым түссе, судья арыз беруші азаматқа ашық көмектеседі. Сөйтіп, әділетке жетуге тырысады. Ал жауапқа тартылған мемлекеттік орган өзінің ұстанымын қорғап шығуы тиіс. «Бізде олай емес. Судья арыз берушіге ашық көмектесе алмайды. Сонда қарапайым адам тұтас бір мемлекеттік органмен тартысуға мәжбүр. Сосын шетелде мемлекеттік орган сот шешімін орындамаса, судья ол ведомствоның басшысына айыппұл салады. Ондай заңдар ТМД-ның барлық елдерінде бар. Бірақ Қазақстанда жоқ», - дейді Жақып Асанов. 

Әзербайжан мен Арменияда ондай заң қабылданғаннан кейін мемлекеттік органдардың үстінен түскен арыз-шағымдар күрт өсіпті. Алайда бір-екі жылда аталған көрсеткіш төмендеген. Дегенмен, соның нәтижесінде мемлекеттік органдар өз ұстанымын өзгертіп, ішкі тәртібі күшейді. Ал, ең бастысы, xалыққа қызмет көрсету сапасы жақсарды. Қазақстан да осы іспетті заң жобасын әзірлеп қойған екен. Қазіргі кезде жоба құзіретті мемлекеттік органдардың қарауына жіберілген. Негізі, аталған құжат қабылданса, мемлекеттік органдардың бизнесмендерге негізсіз айыппұл салу практикасын тоқтатуға болады дейді сарапшылар. Әйтпесе, бүгінде жергілікті мемлекеттік органдар кәсіпкерлерді «тәртіпке саламыз» деп соттың барлық инстанцияларынан өтуге тырысады. Оған соттың біраз уақыты, ал бизнесмендердің біраз шығындары кетеді. Ол уақыттың ішінде банкрот болатындар да аз емес. Бір қызығы, орталық мемлекеттік органдар өздеріне қарасты ведомстволардың «дау-дамайлары» жайында білмей жатады. Бір ретте министрлік аймақтық органның шағымы негізсіз екенін естіп, арнайы қаулымен ол құжаттың күшін жоя салды. Бірақ осы ырың-жырыңға бір жыл кетті. Осы уақыттың ішінде судьялар біраз күш-жігерін жұмсады, жеке меншік компания да жүнжіп кетті. Енді осының бәрін тыю үшін, меморган басшыларына айыппұл салынса, осы саладағы жағдай күрт өзгеруі тиіс дегенді алға тартып отырмамандар. Алайда мемлекеттік органдар жаңа заңды қыбылдауға асықпайтын тәрізді...

Сот жүйесінің тағы бір кемшін тұсы - судьяның істің мән-жайын өз бетімен анықтай алмауы. Азаматтық процессуалды кодекске сәйкес, судья тек тараптардың ұсынған материалы аясында ғана жұмыс істеуге міндетті. Осы шектеуден шығуға рұқсат жоқ. Бір нәрсе жетіспей жатса, судья оны талап ете алмайды. Содан «Неге судья мәселенің мәнісіне жетпейді?», «Неге істі жан-жақты қарамайды?» деген халықтың наразылығы туындап жатады.  Сосын  сотта бір тарап арызда өз талабын дұрыс көрсетпесе, судья оған кеңес бере алмайды. «Ондай мысалдар көп. Судья талаптың, я болмаса, өтініштің дұрыс жазылмағанын көре тұра, өз ақыл-кеңесін бере алмайды. Себебі артынан оны біреуге жақтасты деп, айыптап шығуы мүмкін. Сот төрелігі әділ болсын десек, судьяға мәселенің мәнісін зерделеуге рұқсат беру керек.  Өйткені дау-дамайдың мән-жайын білмесең, әділ шешімді шығару қиын. Судьяға процессуалдық белсенділік құзіретін берген жөн», - деп атап көрсеткен болатын  Жақып Асанов Астанада өткен халықаралық семинарда.

Ақордада болған кеңесте Президент Нұрсұлтан Назарбаев судьялардың жүктемесін азайту қажеттігін жеткізді. Құқықтық сауаты жоқ судьялардың реформа жүргізуге көмектесе алмайтынын да қадап айтты. Президент тапсырмасына сәйкес, кадрлық мәселелер ҚР Жоғары Сот Кеңесіне берілетін болады. Енді, Жоғарғы сот онымен айналыспайды. Келесі жылы 470 судьяның кәсіби дайындығы тексеріледі. «Соңғы жылдары біраз шаралар атқарылды. Алайда басты талап - халықтың соттарға деген сеніміне жете алмай жатырмыз. Заң үстемдігі болмаса, қазіргі реформаларды іске асыру мүмкін емес. Судьялардың жалақысы мен оларды қамтамасыз ету мәселесі салық төлеушілер қаражаты есебінен шешіледі. Сондықтан, судьялар тиімді жұмыс істеуге тиіс. Заң бұзған судьяға ең қатал жаза қолданылуы керек», - деді Мемлекет басшысы. Расымен де судьяның жұмыс тиімділігіне көп мәселе байланысты болып отырғанын осыдан-ақ көруге болады. 

Соңғы жаңалықтар