Сот жүйесі ашық та қолжетімді болуы тиіс - Қ.Мәми

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Сот жүйесі ашық та, қолжетімді болуы тиіс. Бұл туралы ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткізілген Ақмола облысы сотының 2014 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысына арналған кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылды.

Мәжілісте сот жүйесінің жұмыс сапасын жақсарту мәселелері жан-жақты қаралып, талқыға салынды. Аталған алқа мәжілісіне қатысқан облыс әкімі Сергей Кулагин сөз сөйлеп, сот жүйесінің қазіргі қызметі жайлы оң пікірін білдірді.

Облыс судьяларының кеңейтілген кеңесін ашып, жүргізіп отырған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәми алдымен облыс әкімі Сергей Кулагинді өңір басшысы болып тағайындалуымен шын жүректен құттықтады. Сосын елімізде сот жүйесін жақсарту бағытында атқарылып жатқан іс-шараларға жан-жақты тоқталды.

Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәми Елбасының Ақмола облысына ерекше назар аударып отырғандығын айта келіп, сот жүйесінің жұмыстарын да тілге тиек етті. Әсіресе, судьялар қауымдастығының өткен алтыншы съезінде айтылған тапсырмаларды орындау - сот жүйесін дамытуға зор ықпал ететіндігін атап көрсетті.

"Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы ел халқына арнаған Жолдауында айтылғандай сот жүйесі ашық та, қолжетімді, қарапайым және барлық дауды тез шеше алатындай болуы тиіс", - деді Қ.Мәми.

Оның айтуынша, бүгінде сот жүйелері осы заманғы талаптарға сай жаңа реформаларды жүзеге асыруды. Атап айтсақ, елімізде «Электронды үкімет» жүйесі бойынша азаматтардың арыз беруі екі есеге артқан. Бұл сот өндірісін оңтайландырып, азаматтардың сотқа деген қолжетімділігінің жақсара түскенін көрсетеді.

Сонымен бірге, ол соттар тәуелсіздігін нығайту бағытында жасалып жатқан жұмыстар жайлы да өз ойын білдірді. Қазір сот жүйесінде судьялардың қызметін бағалаудан соттарды бағалау жүйесіне көшкендігі баса айтылды. Бұл жекелеген судьяларды ғана емес, жалпы сот орындарын мониторинг арқылы бағалауды көрсетеді. Ал, әртүрлі әлеуметтік сауалнамалар жүргізу арқылы соттардың осал жерлерін анықтауға мүмкіндік туады.

Жоғарғы Сот төрағасы Ақмола облысының сот жүйесі жайлы да тұшымды ой білдірді. Мысалы, біздің облысымызда басқа өңірлерге қарағанда судьяларға жүктелетін жүктеме сондай жоғары емес екендігі айтылды. Соған қарамастан, Көкшетау және Степногорск қалаларының соттары 9 бірлік қызметкерге көбейіп отыр. Соттардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға да едәуір қаржы бөлінеді. Тек қана судьяларға 11 пәтер сатып әперу үшін бюджеттен 77 миллион теңге қаржы жұмсалған.

Алқа мәжілісінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен әр деңгейдегі соттардың судьялары болып тағайындалған бір топ судья ант қабылдады. Оларға облыстық соттың төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов естелік сыйлықтар табыс етті.

Облыстың судьялар қауымдастығы алдында сөз сөйлеген облыс әкімі Сергей Кулагин Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәмидің атына жылы пікір білдірді. Онымен ел Парламентінде бірге қызмет еткен кезеңдерін де еске алып, мемлекет мүддесі жолындағы қызметіне табыс тіледі. Еліміздің сот жүйесін жолға қойып, адамдардың конституциялық құқықтарын қорғауға үлесін қосып жүрген судьялар қауымына өзінің ризашылығын білдірді.

Облыстық соттың алқа мәжілісінде қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша атқарылған жұмыстар сараланды. Жыл басынан бері ғана облыстың соттарында 23118 іс қаралып, үкімдер шыққан. Сот өндірісіне түскен істердің көптігіне қарамастан судьялар тарапынан іс жүргізу мерзімінің бұзылушылығы тіркелмеген.

Бұл басқосуда сот жұмысының жақсы қырлары ғана емес, кемшін жатқан тұстары да ауызға алынды. Жоғарғы Сот төрағасы жергілікті судьяларға жауапкершілікті нығайтып, өз міндеттерін адал атқаруын қатты тапсырды. Өйткені, біздің еліміз әлемдегі дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуды мақсат етіп отыр. Олай болса, экономика ғана емес, қарапайым адамдардың құқығын қорғау жұмысы да жақсы қырынан сипатталуы тиіс.

Соңғы жаңалықтар