Сот үкімімен елден қуылған Өзбекстан азаматы аты-жөнін өзгертіп, қайтып келген

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда мемлекеттік шекарадан заңсыз өткен шетелдіктер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қарағанды қаласының учаскелік инспекторлары пәтер аралап жүргенде 27 жастағы ер адам күдік туғызған.

Құжаттарын тексеру барысында оның Өзбекстан Республикасының азаматы екені анықталды.

Дегенмен оның ұсынған төлқұжаты күмәнді көрінді. Кейін құжаттың жалған екені белгілі болды.

Айта кетейік, аталған азамат 2019 жылы Қарағандыға келіп, көші-қон заңнамасын бұзған. Бұған қоса, ол Қазақстан аумағында жүріп-тұру мерзімін сақтамады.

Қарағанды мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен оған елге бірнеше жылға кіруге тыйым салынған.

Өзбекстанда жүрген кезінде аталған жігіт өзінің жеке мәліметтерін толығымен өзгерткен: тегін, атын, әкесінің атын.

Жаңа төлқұжат жасатып, Қазақстанға қайта оралған.

Алайда оның мұндай қитұрқы амал-әрекеті әшкере болып қалды.

Сондай-ақ «Заңсыз - 2022» жедел алдын алу шарасы барысында полицейлер Тәжікстан Республикасының 25 жастағы азаматын анықтады.

Шетелдіктің төлқұжатында оның Қазақстан шекарасынан өткені туралы белгі болмаған.

Екі дерек бойынша ҚР ҚК 392-бабы «мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өту» бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


Ашық көздерден алынған фото

Соңғы жаңалықтар