Сот талабын орындамаған Атырау әкімдігінің бөлім басшысына айыппұл салынды

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Сот талабын орындамаған Атырау әкімдігінің бөлім басшысына айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының мәліметінше, Атырау қаласы әкімінің әрекетін даулауға байланысты талап қою туралы әкімшілік іс қаралған.

Аталған әкімшілік іс бойынша мүдделі тұлға ретінде «Атырау қалалық жер қатынастары бөлімі» ММ алдын ала сот отырысына шақыртылған.

«Алайда, мемлекеттік мекеменің өкілі сот отырысының болатын уақыты туралы тиісті түрде хабарланғанына қарамастан, белгісіз себептермен алдын ала сот отырсына қатыспады. Сондықтан сот мүдделі тұлғаның сот отырысына қатысу туралы талапты дәлелді себепсіз орындамағанын ескеріп, ҚР ӘРПК-нің 127-бабының 4-бөліміне сәйкес, «Атырау қалалық жер қатынастары бөлімі» ММ-нің басшысына 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алу шарасын қолданды. Бөлім басшысынан 69 000 теңге көлеміндегі айыппұл өндірді», -деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Сот ұйғарымы заңды күшіне еніп, толық орындалды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда әкімдік қызметкерлері кәсіпкердің жер телімін кеңейтуден бас тартқанын хабарлаған болатынбыз.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кәсіпкердің жер учаскесін кеңейтуден бас тартқан Атырау қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

«Шешім жер комиссиясының хаттамасы негізінде өтінішті қарау мерзімдерін бұза отырып, бас тарту туралы қаулы шығармай қабылданған. Осыған байланысты кәсіпкер мемлекеттік органның шешіміне шағымданды. Департамент қызметкерлері кәсіпкердің дәлелдерін тексеріп, көрсетілген фактілерді растады. Қазір жергілікті атқарушы орган жер телімін кәсіпкерге беру бойынша мәселені қарастырып жатыр. Кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар