Сот сараптамасы органдары мамандарының жалақысы 2,5 есеге арттырылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2023 жылға қарай сот сараптамасы органдары мамандарының жалақысы 2,5 есеге арттырылмақ. Бұл туралы ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сот сараптамасы органдарының медицина қызметкерлеріне зиянды еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы түрінде жалақыны 30 пайыздан 45 пайызға дейін ұлғайту жөнінде шаралар қабылданды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін осы санаттағы адамдардың жалақысын 2023 жылға қарай 2,5 есеге дейін арттыру мәселесі пысықталуда. Әлеуметтік жағдайды жақсарту мақсатында бонустарды төлей отырып, қызметкерлердің жұмыс қорытындыларын факторлық-балдық шкала бойынша бағалау жүйесі енгізілді», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, «Болашақ» бағдарламасы аясында Ұлыбританияда 5 сот сарапшысы тағылымдамадан өтті, 16 сот сарапшысы оқуын жалғастыруда. 200-ден астам сарапшы Ресей, Америка Құрама Штаттары, Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, Польша, Түркияда біліктіліктерін арттырды.

«Сарапшыларды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру бойынша оқу орталығы құрылды. Бүгінгі таңда сарапшы кадрларды даярлаудың қазақстандық мектебінің базасында сот сарапшылар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сондай-ақ шетелдік сарапшылар оқудан өтуде», - деді Марат Бекетаев.


Соңғы жаңалықтар