Сот процестердің 95 пайызы қашықтан өтіп жатыр – Жақып Асанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде сот процестердің 95 пайызы қашықтан өтіп жатыр. Бұл туралы ҚР судьяларының VIII съезінде Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Судьялар съезі – дәстүрлі басқосу. Қазылардың құрылтай жиыны деуге болады. Оның ширек ғасырлық тарихы бар. Асыға күтетін мәртебелі жиын. Сот жүйесінің бүгінін бағалап, келешегін айқындау үшін бұл шараның маңызы өте зор. Биылғы басқосудың 2 ерекшелігі бар.

Біріншісі, бүкіл әлем пандемияны бастан кешіруде. Соттар да жаңа жұмыс тәсіліне көшті. Басты міндет: халық денсаулығын сақтай отырып, олардың құқықтарын қорғау. Процестеріміздің 95 пайызы қашықтықтан өтуде. Күніне 4,5 мыңға дейін онлайн-процесс. Бүгінгі шарамыз да осындай режимде өтуде», - деді Жақып Асанов.

Жоғарғы сот төрағасы екінші ерекшелік ретінде жиынға шетелден де сарапшылар қатысып отырғанын айтты.

«Жиынымызға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан соттарының басшылары, Германия, Эстония, АХҚО, Евразиялық экономикалық одақтың судьялары, шет мемлекет елшілері, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып отыр. Демек, съезіміз халықаралық мәртебеге ие деген сөз. Соңғы кезде жүйемізде біраз өзгеріс болды. Олар Елбасының Ұлт жоспарынан, Мемлекет басшысының Жолдауларынан туындайды. Соның арқасында сот жүйесі жаңа кезеңге қадам басты деуге болады.

«50 жылда ел жаңа» демекші, қоғам тез өзгеруде. Сот та заманға қарай өзгеру керек екенін түсінеміз», - деді ол.

Айта кетейік, съезд жұмысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуда.



Соңғы жаңалықтар