Сот органдары түзелмей реформаларды орындадық деп айта алмаймыз - Назарбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сот органдары түзелмей реформаларды орындадық деп айта алмаймыз.

Бұл туралы бүгін Республика судьяларының VII съезінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңіз білесіздер, біз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өту қарсаңында отырмыз. Осы жылдар ішінде сіздермен бірге көз алдымызда істелген жұмыс  қыруар. Еліміз үшін, жұртымыз үшін, Қазақстанымыз үшін көп еңбек жасалды. Оның барлығын біз айтып жүрміз, барлығыңыз білесіздер. Қазақстан бүгін қалыптасқан, әлем таныған, бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде танылып отыр. Оны бүкіл дүниежүзілік қауымдастық мойындайды. Біздің табыстарымыздың дәлелі заманға сай және  тиімді сот билігі болып табылады. Біздің реформалардың алғашқы күндерінен бастап мен айтып келе жатырмын. Экономикада алға жылжу бар, жағдайдың барлығы, елдердің барлығы басқаша түсінеді. Халықтың жағдайын өзгерттік. Әлеуметтік салада болсын, көп өзгерістер жасадық. Бірақ та, сот, құқық қорғау органдары түзелмей, біз еш уақытта реформаны орындадық деп айта алмаймыз», - деді Қазақстан Президенті.

Елбасы сондықтан алғашқы күннен бастап сот жүйесі жұмысына мемлекет тарабынан айрықша назар аударылып келе жатқанын баса айтты.

«Алайда, бұл жол оңай болған жоқ. Ширек ғасыр бұрын бізде нағыз құқықтық, сондай-ақ шынайы сот жүйесі болған жоқ деп айтуға болады. Соттар баяғы өзімізге белгілі партиялық бюрократтық аппараттың қолжаулығы да болғанын білеміз. Тәуелсіздіктің таңында бізге көп нәрсе жетіспеді. Сол кезде судьялық корпусты қайта оқыту, жаңа буынын тәрбиелеу, әкімшілік-командалық ойлау стереотиптерін жою қажет болды. Бүгін біздің алдымызға қойылған міндеттеріміз табысты шешімін тапты айта аламыз», - деді Назарбаев.  

Еске салайық осы уақытта Астанада Қазақстан Республикасы судъяларының VII съезі өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар