Сот-медициналық сарапшылардың жалақысы 45 пайызға дейін көтерілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда сот-медициналық сарапшылардың жалақысын 45 пайызға дейін көтеру жоспарланған.

Бұл жайында Әдлет министрі Марат Бекетаевтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өндірістердің, жұмыстардың, пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттер меншікті қаражаты есебінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1562 қаулысына толықтырулар енгізу бойынша жұмыстары пысықталуда. Жоба сот сараптамасы саласындағы мамандықтарды тізбеге қосуды қарастырады», - деп атап өтеді министр.

Оның жазуынша, қазіргі уақытта министрлік 2021 жылдан бастап үстемеақыларды төлеу үшін жыл сайын мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлу мақсатында республикалық бюджеттік комиссияға ұсыну үшін тиісті қаулылар жобасын әзірлеп жатыр.

«Аталған Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жекелеген санаттағы сот-медициналық сарапшыларының, орта және кіші медициналық персоналдың жалақыларын 30-дан 45 пайызға дейін көтеруге және жұмыс берушінің есебінен 5 пайыз мөлшерінде кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуге мүмкіндік береді», - деді Марат Бекетаев.

Министрдің атап өтуінше, сот-сараптама қызметін реформалау мәселелері әрқашан елдің жоғары басшылығының назарында тұр және Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 720 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2014-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізі болды.

«Осы бағдарлама аясында 2015 жылдан 2016 жылға дейін сараптамалық функциялар бір мемлекеттік органда орталықтандырылып, «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық мекемесіне үйлестіріледі. Бір ведомствоға сараптамалық функциялардың бірігуі мекемелердің қаржылық ресурстарын шоғырландыруға, бірыңғай материалдық-техникалық базаны құруға және сәйкесінше тәуелсіз сот-сараптама жүйесін қалыптастыруға кірісуге мүмкіндік берді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар