Сот блогер Махамбет Абжанды 2 ай күзетпен ұстау шарасын санкциялады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ірі көлемде ақша бопсалау күдігіне ілінген блогер Махамбет Абжан 2 айға қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«5 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті М. Абжанды 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», - деп жазды қалалық соттың баспасөз хатшысы Ботагөз Баянова Facebook парақшасында.

Еске салсақ, 3 шілде күні Махамбет Абжан кәсіпкерден 50 млн теңге бопсалады деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына отырғызылған еді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет БАҚ-та нұқсан келтіретін мәліметтер тарату қаупімен кәсіпкерден аса ірі көлемде ақша қаражатын бопсалаған азамат М. Абжанның қылмыстық әрекетінің жолын кесті. 3 шілдеде жүргізген арнайы операцияның нәтижесінде азамат М. Абжан 50 млн теңге алғаннан кейін ұсталып, Нұр-Cұлтан қаласының уақытша ұстау орталығына қамауға алынды. М. Абжанның басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығы туралы ақпарат тексеріліп жатыр», - деп мәлімдеген болатын Антикор.


Соңғы жаңалықтар