Сот Алматыдағы Орталық стадионның қызметін тоқтата тұрудан бас тартты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық сотында «Спорттық нысандар дирекциясы» ЖШС-не қатысты әкімшілік іс аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қыркүйек айында Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Алматыдағы Спорттық нысандар дирекциясын «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және «Терроризмге осал объектілерді терроризмнен қорғау жүйесіне қойылатын талаптарды бекіту туралы» Үкімет қаулысының талаптарын бірнеше рет бұзды деген айып таққан болатын

Орталық стадиондағы бұзушылықтарды тамыз айында Бостандық ауданының полициясы тексеру кезінде анықтаған. Осыдан екі жыл бұрын аталмыш нысан Алматыдағы «Спорттық нысандар дирекциясы» ЖШС-нің сенімгерлік басқаруына берілген.

«Кәсіпорынның кінәсі — әкімшілік құқық бұзушылыққа жол бергені. Оған оның өкілінің берген түсініктемелерінен басқа, сенімді дәлелдер бар. Бұл сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, тексеруді тағайындау туралы актімен, тексеру парағымен және тексеру нәтижелері туралы актімен, полиция қызметкерінің берген есебімен және басқа да материалдармен расталды. Өз кезегінде ЖШС өкілі кінәсін толық мойындады», - деп хабарлады қалалық сот.

Апелляциялық арызда ЖШС өкілі полиция қызметкерлері анықтаған бұзушылықтардың жойылғанын жеткізді. Бұдан басқа бұзушылықтарды жою үшін уақыт керектігін айтты.

«ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 57-бабында көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауапкершілікті ауырлататын жағдайлар болған жоқ. Сонымен бірге, бірінші сатыдағы соттың жоғарыда аталған жеңілдететін мән-жайлары құқық бұзушыға санкция беру кезінде ескерілмеді. Апелляциялық сотта ЖШС өкілі хаттамада көрсетілген ескертулердің 90% жойылғанын түсіндірді», - деді сот.

Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың айыппұл түріндегі жазаны қолдану туралы шешімін қолдады.

Соңғы жаңалықтар