Сот ақтаған вице-министр Шкарупа мемлекеттен 10 млн теңге өтемақы өндіріп алады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қаласының Есіл аудандық соты Анатолий Шкарупаның Қаржы министрлігінен моральдық залал өтемақысын өндіріп алу туралы азаматтық істі қарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана соттарының Facebook парақшасында жарияланған мәліметке сәйкес, талапкер сот үкімімен қылмыс жасауға қатысқаны дәлелденбеуіне байланысты кінәсіз деп танылған.

Сонымен қатар аталған үкімде ақталған талапкердің қылмыстық істі жүргізген органның заңсыз іс-әрекетінен келген зиянды өндріп алу құқығы көрсетілген.

А.Шкарупаны 2018 жылы Бас прокуратураның жедел тергеу тобы ұстап, тергеу сотының санкциясымен тергеу изоляторына қамаған еді.

2021 жылдың 26 қаңтарында Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық соты А.Шкарупаны Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-тармағы 2-тармақшасында көделген қылмысты жасауға кінәлі емес деп танып, қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты ақтаған.

Сол жылы ақпанда Қарағанды облыстық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бірінші саты үкімін өзгеріссіз қалдырды.

«Сот талапты жартылай қанағаттандырды. Қаржы министрлігінен 10 млн теңге мөлшерінде моральдық зиян өтемақысы өндіріп алынады», - делінген таратылған ақпаратта.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетсек, Бас прокуратура Энергетика вице-министрі болған Анатолий Шкарупаның үстінен қылмыстық іс қозғады.

Оған және тағы екі күдіктіге «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту қоры» АҚ Қарағанды облысының Саран қаласында жылу есептеу құралдарын сатып алуға және орнатуға бөлген 215 млн теңгені ұрлады деген айып тағылған еді.

2021 жылдың 26 ақпанында Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты Анатолий Шкарупаны ақтады.


Соңғы жаңалықтар