Сор баса беретін Азғыр жолына жаңа технология қолданылып жатыр - облыс әкімі

None
None
НҰР-СҰЛТАН - АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысына қарасты Азғыр елді мекеніне электр энергиясы жеткізіледі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз Азғыр өңірінің әлеуетін көтеру үшін, сол жерде тұрып жатқан 8 мыңнан астам тұрғынға жағдай жасау үшін жұмыс істеп жатырмыз. Ол Нарын құмында орналасқан. Биыл жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың қолдауымен 1-2 айда ғана 377 шақырым газ жеткізілді», - деді облыс басшысы.

Оның атап өтуінше, Азғыр өңіріне электр жарғын жеткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Себебі аталған өңірдегі көптеген елді мекен жарықты Ресейден алуға мәжбүр. Ауа райының қолайсыздығынан электр желілері үзілген кезде біраз уақыт елді мекен тұрғындары жарықсыз отырады.

«Қазіргі уақытта біз Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданына тартылған талшықты-оптикалық интернет желісін Азғыр өңіріне жеткізу жөнінде мердігерлермен келістік. Осы арқылы Азғыр өңірінің бүкіл ауылдарына интернет желісін жеткізу мәселесін шешеміз», - деді облыс әкімі.

Нұрлан Ноғаевтың дерегінше, Азғыр өңірі Нарын құмында орналасқандықтан, 11 жол учаскесінде сор кездеседі.

«Көктем, күз мезгілінде жауын-шашын салдарынан тұрғындар жолдан өте алмай қалып жатады. Жол қатынасы қиындайды. Осы мәселені шешу үшін күрделі 11 жол учаскесінде жаңа технологиялармен жол салып жатырмыз. Ол оң нәтижесін берсе, жолды ары қарай кеңейту мәселесімен айналысамыз»,- деді өңір басшысы.

Соңғы жаңалықтар