Сооронбай Жээнбеков қырғызстандықтарды Қытайдан эвакуациялағаны үшін Қазақстанға алғыс білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан басшысы Сооронбай Жээнбековпен телефон арқылы сөйлесті. ҚазАқпарат бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекеттер басшылары қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастардың қазіргі ахуалын және оны одан әрі нығайтудың перспективаларын талқылады.

Әңгімелесу барысында Қазақстан Президентінің 2019 жылғы қарашада Қырғыз Республикасына жасаған мемлекеттік сапарының қорытындылары бойынша қол жеткізген уағдаластықтарды сапалы жүзеге асыру қажеттігі айтылды.

Тараптар кеден бекеттеріндегі жүк тасымалы рәсімдерін жеңілдету мақсатында цифрлық технология саласы бойынша ықпалдастық орнату мәселесін қарастырды.

Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанның Ухань (ҚХР) қаласынан қырғыз азаматтарын эвакуациялауға көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.

Телефон арқылы сөйлесуге қырғыз тарапы бастамашы болды.

Еске салайық, 2 ақпанда Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ҚР ДСМ Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығы ҚХР-дың Ухан қаласында жүрген 83 қазақстандықты, оның ішінде 80 студентті елге жеткізді.

Осы күні сондай-ақ арнайы бортпен Нұр-Сұлтан қаласы арқылы 18 қырғыз студенті Бішкекке жеткізілді. «Олар әуежайда тиісті тексеруден өткізіліп, Бішкек қаласының маңындағы ауруханаға жатқызылды», - деп мәлім еткен болатын Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінен.


Соңғы жаңалықтар