Соңғы жылдары жүн экспорты 3,8 есеге өсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміз соңғы жылдары жүн экспортын 3,8 есеге арттырды. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жүнге экспорттық бажды жою бөлігінде 2023 жылғы 30 сәуірге дейін жүнді әкетуге баж алынып тасталғанын атап өтеміз. Мәселен, соңғы жылы экспортталған жүннің жалпы көлемі 3,8 есеге өсіп, 7 мың тоннаны құрады (Қытай мен Ресей). Қазақстанда жұмыс істеп тұрған 10 кәсіпорынның 4-уі биязы жүнді өңдеуге мүмкіндігі бар, қалған кәсіпорындар – бұл етік өндіру фабрикалары. Қосымша, ірі жүнді қайта өңдеу мақсатында Ақтөбе облысында қуаты 3 мың тонна жүн жылытқыштар өндіру бойынша «KazFeltec» ЖШС жобасын іске асыру басталды. Биязы жүнді қайта өңдеу бойынша жалпы қуаты 154 тонна иірімжіп және 465 мың шаршы метр мата болатын 2 әлеуетті «Шымкент Кашемир» және «ПОШ Тараз» жобалары бар. Тұтастай алғанда, саланы қаржылық қолдау шаралары кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында жүзеге асырылады», - деп атап өтеді Бақыт Сұлтанов жауабында.

Оның дерегінше, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін соңғы қарыз алушыға 6 пайыз мөлшерлемемен жеңілдікті микрокредит (кредиттің ең жоғары сомасы - инвестицияларға 20 млн теңге және айналым қаражатын толықтыруға 5 млн теңге) беру көзделген. Жеткілікті кепілдік қамтамасыз ету болмаған жағдайда кредит сомасының 85 пайызына дейінгі мөлшерде кепілдік беріледі. Бұл ретте 5 млн теңгеге дейінгі сомадағы кредиттер үшін кепілмен қамтамасыз ету талап етілмейді.

«Сондай ақ инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шығыстарының бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидалары аясында жаңа кәсіпорындарды салу және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту кезінде ауыл шаруашылығы жануарларының жүні мен терісін бастапқы қайта өңдеу бойынша кәсіпорындардың шығындарын өтеу көзделген. Бұдан басқа, субсидиялау қағидалары аясында жүн дайындау пункті үшін жабдық сатып алу құнының 25 пайызына дейін шығындарды өтеу қарастырылған», - деді Үкімет басшысының орынбасары.


Фото: mongolka.store
Соңғы жаңалықтар