Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында қаражат бөлу емес, оны тиімді игеру проблемаға айналды - Денсаулық сақтау министрі

None
None
АСТАНА. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына тиісті мемлекеттік қолдау жасалып келеді.

Бірақ бұл салада қаражат бөлу емес, оны игеру проблемасы орын алып отыр. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Былтырғы жылы республикалық бюджетке қатысты 35  млрд. теңгеге жуық сома игерілмей қалғандықтан мемлекетке қайтарылып берілген болатын. Осының өзі денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражаттың дұрыс игерілмей отырғанын көрсетеді. Сонымен бірге, мемлекет тарапынан тиісті қаражаттар бөлінгенімен де сол бағыттағы атқарылып отырған шаралар қажетті деңгейде болмай отырғаны шындық. Бұл, әсіресе, тегін кепілдендірілген медициналық көмек шараларында  орын алып отыр. Мәселен, тегін кепілдендірілген медициналық көмек бойынша 2008 жылғы шығыстар құрылымында ең көп қаражат Астана қаласына бөлінген. Ал ең төменгі шығыс - Алматы облысында. Әрине, қаражат бөлуде бұндай алалауға жол берілмеуі керек еді. Өйткені, азаматтардың тегін медициналық көмек алуы бойынша конституциялық құқығы  бәріне бірдей болуы тиіс», деді министр. Оның айтуынша, стационарлық деңгейде ең көп кепілдендірілген шығыстар Қарағанды облысына тиесілі болса, Оңтүстік Қазақстан облысындағы көрсеткіш одан екі есеге дейін төмен болып отыр. «Сонда жалпы алып қарастырсақ, мемлекет тарапынан қаражаттар анық бөлініп жатыр, бірақ іс жүзінде осындай алалықтың және шалалықтың салдарынан діттеген нәтижеге жете алмай отырмыз», деді Ж. Досқалиев.

Соңғы жаңалықтар