Соңғы жылдары 770 мүгедек бала интернаттан отбасына оралды – Тамара Дүйсенова

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауылдық жерлерде мүгедектігі бар жандар үшін сыйымдылығы шағын үйлер ашылады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Арнайы әлеуметтік қызметтер нарығын кезең-кезеңімен либерализациялау жұмысы жүріп жатыр. Бүгінде осы нарықта жеке, мемлекеттік және үкіметтік емес сектордың 900-ге жуық ұйымы бар. Олар «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» заңмен бекітілген кепілді мемлекеттік қызметтің 8 түрін көрсетеді. Бұл бағыттағы жұмыс нәтижесінде соңғы жылдары 770 мүгедек бала интернаттан отбасына оралды. 800-ге жуық ата-ана балаларын әлеуметтік ұйымдардың күндізгі бөліміне тапсырып, жұмысқа орналасты», - деді Тамара Дүйсенова Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Алайда, министр бұл қызметтердің қалалар мен облыс орталықтарында ғана көрсетілетінін айтты.

Ауылда тұратын мүгедектігі бар азаматтардың 45%-дан астамы жергілікті бөлімшелер үйде ұсынатын жалпы әлеуметтік жәрдемге ғана қол жеткізе алады.

«Сондықтан, бұған дейінгі тәжірибені ескере отырып интернат үйлерін демонополизациялау жұмысы жалғасады. Оның орнына мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігін пайдалана отырып, мүгедектігі бар азаматтар тұратын жерлерде сыйымдылығы шағын үйлер ашылады. Бұл шара «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы тәрізді іске асырылады», - деді Тамара Дүйсенова.

Оның айтуынша, қазір елімізде 21 шағын үйлер бар, онда 700-ге жуық азамат қызмет алып жатыр. Оның артықшылықтары да аз емес.

«Біріншіден, бұл үйлер ауыл азаматтарының тұрғылықты жерінде ашылады, яғни оларды басқа қалаға, облыс орталығына тасудың қажеті жоқ. Екіншіден, үй жанында болғандықтан, жалғызілікті кісілер де, балалар да орталыққа күндіз барады және кешке отбасымен бірге бола алады. Үшіншіден, әрбір шағын сыйымдылықтағы үйде 10-50 азамат қана қызмет алып жатыр, ал үлкен интернаттарда – 100-300 бала бар. Әрине қызмет сапасы жағынан шағын үйлер жақсы. Төртіншіден, қазір ауыл азаматтарына жалпы қызметтер ғана көрсетіліп жатыр. Ал шағын үйлерде мемлекет тарапынан кепілдендірілген барлық қызметтер көрсетіледі. Бесіншіден, шағын мекемелерге тапсырыс беру жергілікті бюджетке де өте тиімді», - деп түсіндірді Еңбек министрі.


Соңғы жаңалықтар