Соңғы жекпе-жегімде 200 мың доллардан астам қаржы таптым – Шавкат Рахмонов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Таяуда ғана Лас-Вегаста өткен UFC 285 аралас жекпе-жек бәсекесінде жеңіске жеткен отандасымыз Шавкат Рахмонов Jibek Joly телеарнасындағы «Түнгі студия» Нұрлан Қоянбаевпен бағдарламасында қонақ болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл менің ғана емес бүкіл қазақ халқының жеңісі. Жеңіске жеткеніме халқым қуанып жатыр. Америкада қазақтың көк туын желбірету, қазақ тілінде сөз сөйлеу мен үшін үлкен бақыт әрі шабыттандырады. Арманым - UFC белбеуін Қазақстанға әкелу. Құдай бұйыртса оны да елге әкелеміз. Соңғы қарсыласым UFC-дің үздік ондығына кірген Джефф Нил болды. Шынын айту керек, жекпе-жек барысында екеуісіз де шаршадық, ол да, мен де соққы өткіздік. Тартысты жекпе-жек болды. Нәтижесінде қылқындыру әдісімен жеңдім. Оны жекпе-жекке шақырғанымда «жеңемін» деп ойлаған сияқты. Бірақ, қателесті. Қазір мен әлем бойынша UFC-дің үздік ондығында 6-орында тұрмын», - деді спортшы бағдарлама барысында.

Сонымен қатар ол жекпе-жектердегі жеңісі үшін бағалы сыйлық тарту еткен азаматтардың болғанын атап өтті.

«Сыйламаса да ризамыз, шын жүректен қолдау білдірсе болғаны. Біреуден сыйлық күтпейміз, спортта ол үшін жүргеніміз жоқ. Тапқан табысымыз да жетеді. Бізден гөрі жастарымызға қолдау білдірсе дұрыс болар еді. Табысымыз өзімізге жетеді. Соңғы жекпе-жегімде тапқан табысым 200 мың доллардан асады. Қолымыздан келгенше ақшаны сыртқа шығармай елге әкеліп жатырыз», - деді Шавкат Рахмонов.

Шавкат Рахмонов жас спортшыларға да өзінің ақыл-кеңесін берді.

«Режим сақтап, асықпаңыздар. Асыққан кезде қателіктер орын алуы мүмкін. Еш уақытта асықтай күтіңіздер. Күте біліңіздер, шыдам да болуы керек», - деді спортшы.

Айта кетейік, 5 наурызда Шавкат Рахмонов америкалық белгілі файтер Джефф Нилді (15-4) үшінші раундта оны қылқындыру әдісімен жеңген болатын.


Соңғы жаңалықтар