Соңғы үш жылда нәрестеге берілетін жөргекпұл 38 пайызға көбейген

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет тарапынан қарастырылған отбасылық әлеуметтік жәрдемақылар 5 категория бойынша беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігіне сілтеме жасап.

«Бүгінде елімізде балалы отбасыларды қолдауға арналған кешенді бағдарлама бар. Оған мемлекеттік жәрдемақы, әлеуметтік төлем, жұмыспен қамту және салық төлеудегі жеңілдіктер кіреді. Қазақстанда әлеуметтік қолдау көрсетілетін отбасылар 5 категориядан тұрады: 1 жасқа толмаған баласы бар ана және отбасы, көпбалалы отбасы, мүгедек баласы бар отбасы, аз қамтылған отбасы және асыраушысынан айрылған немесе асырауына немесе қамқорлығына алған отбасы» делінген миинстрліктің хабарламасында.

Аталған жүйе азаматтарды барлық уақытта қамқорлығына алумен қатар оларға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған. Және де барлық әлеуметтік төлемдер инфляцияның деңгейіне қарай индекстеледі.

Министрліктің мәліметіне сәйкес, елімізде бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы қарастырылған және оның көлемі баланың отбасында нешінші болып туылуына байланысты белгіленеді.

«2019 жылы отбасында бірінші, екінші және үшінші балаларға 95 950 теңге, ал төртінші және одан кейінгі балаларға 159 075 теңге жәрдемақы беріледі. Аталған жәрдемақы көлемі соңғы 3 жыл ішінде 38% артып, өткен жылы бюджеттен 40,7 млрд теңге бөлінді және ол 395 мың адамға берілді», - деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі.

Одан бөлек, бала күтіміне байланысты 1 жылға дейін берілетін әлеуметтік қолдау бар, ол жұмыс істейтін және істемейтін аналардың барлығына бірдей беріледі. Әр сайын берілетін бұл жәрдемақының көлемі 14 544 теңгеден басталып 22 473 теңгеге дейінгі соманы құрайды.

Өткен жылы аталған жәрдемақының жалпы көлемі 30 млрд теңгені құрап, оны 125 мың адам алды. Сол сияқты соңғы 3 жылда аталған жәрдемақының көлемі 19% артты.

Егер баланың анасы жұмыс істеген болса, оған да мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік жәрдемақы беріледі.

«Біріншіден, жүктілік және бала туу кезінде берілетін төлем. Оның көлемі әйелдің соңғы 12 айдағы орташа айлық табысына қарай белгіленеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша осындай төлемнің орташа көлемі 391 170 теңгені құрады. Екіншіден, 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша берілетін жәрдемақы соңғы 2 жылдағы орташа айлық табыстың 40% құрайды. 2018 жылы аталған жәрдемақының орташа көлемі 32 мың 361 теңгені құрады. Өткен жылы 400 мың ата-ана мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жалпы сомасы 165 млрд теңге болатын жәрдемақы алды» делінген хабарламада.

Сондай-ақ, мемлекет жүкті әйелдердің декреттік демалысында орташа айлық табысынан 10 % көлемінде міндетті зейнетақы жарнасын субсидиялайды. Бұл бала күтімімен демалыста отырған әйелдердің зейнетақы жинағы тоқтап қалмау үшін жасалуда.

Жұмыс істейтін әйелдердің құқығын еңбек заңнамасы қорғайды. Мысалы, экономикалық себептермен штатты қысқарту негізінде, жұмыс көлемін төмендетуде мына тұлғалармен еңбек келісім-шарты бұзылмайды:

- жүктілігі туралы анықтамасы бар жүкті әйелдермен;

- 3 жасқа дейінгі балалары бар әйелдермен;

- 14 жасқа дейінгі бала тәрбиелеп отырған (18 жасқа дейінгі мүгедек-баласы бар) жалғызбасты аналармен.

Соңғы жаңалықтар