Соңғы үш жылда елімізде пара бергені үшін 641 адам сотталған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Соңғы 3 жылда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пара беру фактісі бойынша 1054 қылмысты тіркеді. Бұл туралы AntikorNEWS алаңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы 3 жылдағы динамика пара берушілерге қатысты қылмыстарды тіркеу фактілерінің өскенін көрсетіп отыр. Мәселен, 2018 жылы 232 қылмыс тіркелген болса, 2020 жылы осындай 480 факті, яғни екі есе көп тіркелген. Пара берушілерді анықтаудың артуы адал мемлекеттік қызметшілердің оларға пара беру фактілері туралы жиі хабарлауын көрсетуі мүмкін», - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров.

Сондай-ақ, ол соңғы үш жылда пара бергені үшін 641 адам сотталғанын айтты (2018 жылы – 198, 2019 жылы – 187, 2020 жылы – 256).

«Оның ішінде 151 адамға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса (2018 жылы – 52, 2019 жылы – 37, 2020 жылы – 62), 413 адам айыппұл төледі (2018 жылы – 109, 2019 жылы – 128, 2020 жылы – 176), ал 62 адамға қатысты бас бостандығын шектеу шарасы қолданылды (2018 жылы – 30, 2019 жылы – 16, 2020 жылы – 16). 15 адамға шартты түрде соттау, кейінге қалдыру және тағы да басқа жаза тағайындалды», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар