Соңғы үш жылда Ақмола облысына 2 мыңға жуық жас педагог келді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Бүгін таңда Ақмола облысында педагог кадрлардың тапшылығы сезілмейді. Өйткені өңірде кадр мәселесі жас мамандарды шақыру, жоғары кәсіби және біліктілік деңгейі бар зейнеткерлік жастағы педагогтарды тарту есебінен жабылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарында педагогикалық қызметті 23 мыңнан астам педагог қызметкер жүзеге асырады, оның ішінде облыстың жалпы білім беретін мектептерінде 16 мыңнан астам педагог жұмыс істейді.

«Бізде кадрларға қажеттілік оқу жылының соңында айқындалады, өйткені «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 20-1-тармағына сәйкес ауылдық жердегі кадрларға қажеттілік туралы мәліметтерді (аудан бойынша, оқу жүктемесі, тұрғын үймен қамтамасыз етілу) жыл сайын 15 сәуірге дейін білім бөлімдері білім басқармасына қандай мектепке маман қажет екенін ұсынады. Бүгінгі таңда облыста мамандардың жетіспеушілігі жоқ, өйткені кадрларға деген қажеттілік жас мамандардың келуі есебінен, сондай - ақ жоғары кәсіби және біліктілік деңгейі бар зейнеткерлік жастағы педагогтарды тарту есебінен жабылады», - деп атап өтті ведомстводан.

Жыл сайын облыстың білім беру ұйымдарына жұмыс істеу үшін 900-ден астам маман, оның ішінде 400-ден астам жас мамандар келеді.

Соңғы үш жылда өңірге 1795 жас маман келді.

Ауылдық жерлердегі білім беру ұйымдарына жас мамандарды тартуға «Дипломмен ауылға» бағдарламасын іске асыру ықпал етеді.

«Біздің елімізде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы 2009 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Ережеге сәйкес, ауылдық жерлерге жұмысқа келген педагогтар тұрғын үй сатып алуға немесе салу үшін 15 жыл мерзімге жылдық 0,01 пайызбен (3,8 млн теңге) 100 АЕК және 1500 АЕК мөлшерінде қаражат алады», - деп толықтырды ведомстводан.

Ақмола облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының дерегінше, 2021 жылғы 30 желтоқсандағы жағдай бойынша білім саласына жұмысқа келген 476 маман 138 миллион теңге көтерме жәрдемақы алды.

244 маманға тұрғын үй сатып алуға 1 миллиард 47 миллион 623 мың теңге сомасында несие бөлінді.

Сондай-ақ білікті педагог кадрлардың тапшылығы проблемасын шешу, оның ішінде мұғалімдерді ауылдық жерлерде бекіту үшін жоғары педагогикалық білім алуға жергілікті бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу тәжірибесі жалғасуда.

Қазіргі уақытта облыс әкімінің гранты бойынша 400 адам оқиды, олар оқу орнын бітіргеннен кейін облыс мектептеріне жұмысқа жіберіледі.

2021 жылы грантты 92 студент алды, оның ішінде 52 маман облыстың білім беру ұйымдарына жіберілді, 34-і магистратураға түсті.

«Кадрлар – білім беру жүйесінің негізгі және аса маңызды ресурсы екенін ескере отырып, педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауда», - деп түйіндеді ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар