Соңғы үш айда отызға жуық жолсерік жұмыстан шығарылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - "Жолаушылар тасымалы" АҚ пойыздарға тексеру жүргізіп, соңғы үш айда отызға жуық жолсерікті жұмыстан шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы "Жолаушылар тасымалы" АҚ бас директорының орынбасары Данияр Нұрмағамбетов Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен кеңесте мәлім етті.

"Компанияның ревизиялық бөлімі пойыздарға тексеру жүргізіп тұрады. Алты айта бес мыңға жуық тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде билетсіз жолаушылар мен рәсімделмеген жүк тасымалының 335 оқиғасы анықталды", - деді Данияр Нұрмағанбетов.

10 сәуірден бері заңбұзушылықтардан 29 адам жұмыстан шығарылған, оның екеуі пойыз басшысы болса, 27-сі - жолсерік. 40 қызметкерге ескерту жарияланып, тағы 44 қызметкерге қатаң ескерту жарияланған.

Сондай-ақ, анықталған заңбұзушылықтар үшін қызметкерлердің лауазымын төмендету жазасы қолданылған.

"Тексеру жұмыстарынан кейін 7 пойыздың басшысы жолсерік лауазымына түсірілді, ал екі жолсерік пойыз жабдықтаушысы болып ауыстырылды. Мұнда тексеру регламентіне баса мән бердік, яғни жазғы маусымның келетінін ескеріп, сәуір айында тексеру жұмыстарын бастап кеттік", - деді Данияр Нұрмағанбетов.

Кеңеске жетекшілік еткен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов мәселені түбегейлі шешетін ұсыныстар сұрады.

"Жұмыс істеп жатқандарыңызды ешкім жоққа шығармайды. Бірақ, нәтижесі көзге көрініп тұр. "Жасырын сатып алушыларымыз" заңсыз билет сатылымы туралы бейнеайғақтар әкелді. Тексеру жұмыстарын жүргізгендеріңіз жақсы, біз де барынша көмек көрсетейік деп қосылып жатырмыз. Демек, сіздер жүргізген шаралар тиімсіз болып отыр. Сіздер осы саланың маманы болғандықтан, барлығынан хабардар болып отырсыздар. Мәселені жүйелі түрде шешетін ұсыныстар күтеміз", - деді Олжас Бектенов.

Соңғы жаңалықтар