Соңғы уақытта нығайып келе жатқан теңгенің күрт құнсыздануына не себеп – Ұлттық банк

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бұндай динамикалық құбылысқа себеп болған басты нәрсе – долларға деген сұраныстың артуы және нарықтағы сатушылардың шектеулі болуы.

Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің Монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары Иван Сердюктің түсіндірмесінде айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз дивиденд төлеудің басталуына байланысты долларға деген сұраныстың артқанын көріп отырмыз. Импорттық операцияларды жүзеге асыру үшін валюта сатып алуға сұраныс әдеттегідей артқан.

Енді шетелдік валюта ұсынысының шектеулігіне келсек. Мамыр айының соңында экспорттаушылар пайдалы қазбаларды өндіруге салық төлеу және «үлкен салық аптасы» аталатын мерзімде экспортқа рента салығын төлеу үшін валюталық түсімді сатты. Маусым айында біз сатудың мұнша көлемін байқамадық. Сондықтан банктер барлық сатып алушы клиенттерді биржалық сауда-саттыққа жіберді, оның ішінде қарсы ағындар болмағандықтан, бұл валютаға қосымша сұраныс тудырады»,-дейді Иван Сердюк.

Сондай-ақ ол маусым айында орташа күндік сауда-саттық көлемі 95 млн АҚШ долларын құрағанын, бұл мамыр айымен салыстырғанда 18%-ға аз екенін атып өтті.

Қазіргі уақытта сауда-саттықтың жалпы көлемі 1,6 млрд АҚШ долларына тең. Яғни, валюта нарығы тұрғысынан экономикалық белсенділік айтарлықтай төмен деңгейде қалып отыр.

Жалпы алғанда, теңге динамикасы жалпы әлемдік үрдіске сәйкес келеді. АҚШ мемлекеттік бағалы қағаздар кірістілігінің өсуі мен АҚШ долларының жаһандық деңгейде нығаюы көптеген дамушы елдердің валюталарына қысым көрсетті. Маусым айының басынан бастап дамушы нарықтардағы валюталардың динамикасы көбіне теріс болды: Бразилия реалы 10,7%-ға, түрік лирасы 5,8%-ға әлсіреді, сол сияқты, Индонезия рупийі мен Мексика песосы және Оңтүстік Африка ранды шамамен 2%-ға әлсіреді. Ал, бұл ретте J.P. Morgan дамушы елдерінің валюта индексі 2,2%-ға төмендеген еді.


Соңғы жаңалықтар