Соңғы тәулікте Қостанай облысына 1 мыңнан астам Ресей азаматы келді - полиция

None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Соңғы тәулікте Қостанай облысына 1 мыңнан астам Ресей азаматы келіп, көші-қон көлемі екі есе артты. Бұл туралы өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы тәулікте Қостанай облысына 1 мыңнан астам Ресей азаматы келді. Көші-қон ағыны екі есе артты. Осыған байланысты көші-қон қызметі басқармасы шетел азаматтарының облыс аумағында болу тәртібін еске салады. Шетелдік азамат ҚР Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен сәттен бастап қабылдаушы тарап 3 жұмыс күні ішінде шетелдіктің нақты болған жері бойынша ішкі істер органдарын хабардар етеді. Бұл рәсімді «e.Qonaq» ақпараттық жүйесі немесе «визалық және көші-қон порталы» арқылы жүзеге асыруға болады.

Қазақстан аумағына келген Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Әзербайжан және Тәжікстан азаматтары 90 күнге дейін елден тыс жерлерге кетуге міндетті. Көрсетілген мерзімнен артық болған жағдайда олар тұрғылықты жері бойынша ХҚКО-ларға жүгініп, уақытша тұруға рұқсат ресімдеуі қажет», - деп мәлім етті жергілікті құзырлы органның баспасөз қызметінен.

Еске салайық, Қазақстан Республикасына келіп жатқан Ресей азаматтарының артуына байланысты Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі ресми түрде мәлімдеме жасады.

Сондай-ақ, Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Ресей азаматтарының елге кіру және болу тәртібі туралы түсініктеме берді.


Соңғы жаңалықтар