Соңғы курста оқудан шыққыш студенттер көбейген - министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Соңғы 6 жылда мемлекеттік грантта оқитын студенттер мемлекет алдындағы міндетінен жалтаруға бейім болып алған. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ведомство жиынында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Асхат Аймағамбетов мұндай бассыздыққа заңның солқылдақтығы жол ашып отырғанын айтады.

«Министрлік студенттердің жұмысқа орналасу деректеріне мониторинг жасап отырады. Осы мониторинг соңғы 6 жылда грантта оқыған студенттердің ақырғы курста оқудан шығып кетуі жиілегенін көрсетіп отыр. Бір жылда 800 студент оқудан кеткен университеттер бар. Бұл заңнаманың солқылдақтығы деп айтуға болады. Осы солқылдақтықты пайдаланып, кейбір студенттер мемлекет алдындағы міндетінен жалтарып жүр. Жылдар бойы тегін оқып келеді де, соңғы курста шығып кетеді. Кейін оны ақылы негізде жалғастыра салады. Бұл - тегін оқыған жылдар үшін жолдама бойынша еңбек етпеудің немесе мемлекет шығынын қайтармаудың амалы. Заңнаманың осы кемшін тұсын бекемдеу қажет», - деді министр.

Министр қазіргі таңда жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік беріліп отырғанын да атап өтті. Оның айтуынша, былтыр қосымша 20 мың грант бөлінсе, биыл тағы 5000 грант бөлінді.

Еске салсақ, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов салада жоғарыдан берілген тапсырмалардың орындалмауы жиілеп кеткенін айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар