Соңғы қоңырау және аттестат тапсыру шараларын өткізу талаптары бекітілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті карантин кезінде соңғы қоңырау мен аттестаттарды тапсыру салтанатын өткізу талаптарын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрлік ақпаратына сәйкес, коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында қабылданған шектеу шаралары (қауіп-қатер аймағына қарамастан) кезінде жалпы білім беретін мектептерде соңғы қоңырау және аттестаттарды тапсыру салтанатын өткізу тек санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталған жағдайда ғана рұқсат етіледі.

Осы ретте 9, 11-інші (12) сынып түлектерінің мектеппен қоштасу салтанаттары (соңғы қоңырау, аттестаттарды тапсыру) тек ашық алаңда (таза ауада) өткізілетін болады. Бұдан басқа ешқандай шаралардың өткізілуіне рұқсат берілмейді.

Салтанатты шара басталмас бұрын мектеп алаңын тазалап, қоқыстың уақытылы шығарылуын қамтамасыз ету қажет.

Шараға мектеп түлектерінен басқа олардың ата-аналарының немесе қамқоршыларының (әр түлектің) бір өкілі, сондай-ақ мектеп оқытушылары құрамынан артық дегенде 6 адам қатыса алады.

Карантиндегі азаматтардың (КВИ-ға шалдыққан науқаспен жақын байланыстағы адам, КВИ-ға шалдыққан науқас) аталмыш шараға қатысуына тыйым салынады.

Сонымен қатар, мектеп аумағында адамдардың, қонақтардың (ата-аналар, жақын туыстар, қамқоршылар және т.б) жиналуына жол берілмейді.

Салтанатты шараның кезең-кезеңімен өткізілетіндігін атап өту керек. Дәлірек айтқанда, мектеп аумағындағы шара тек бір сынып түлектері үшін өткізіледі. Шараның ұзақтығы 45 минуттан аспауы тиіс. Әр сынып үшін өткізілетін салтанатты шаралардың аралығы 30 минуттан кем болмауы керек.

Соңғы қоңырау, аттестаттарды тапсыру кезінде қол алысуға тыйым салынады. Шараға қатысушылар бетпердені киіп, 2 метрлік әлеуметтік қашықтықты сақтауға міндетті.

Салтанатты шараларға қатысатын педагогикалық ұжым, оқушылар жеке антисептикалық құралдарын қолданғаны жөн.

Соңғы қоңырау, аттестаттарды тапсыру салтанаты аяқталған соң көшеде, қоғамдық тамақтану орындарында (мейрамхана, дәмхана және т.б.) бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салынады.

Бұдан бөлек, соңғы қоңырау, аттестаттарды тапсыру салтанаты аяқталған соң дезинфекциялық құралдарды қолдана отырып, мектеп ғимараттарында ылғалды тазалау шараларын жүргізу қажет.

Білім беру нысандарында ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы № 611 бұйрығымен бекітілген «Білім беру нысандарына қатысты санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық ережелердің 10-бөлімі талаптарының және ҚР Бас мемлекеттік-санитарлық дәрігері Қаулыларының сақталуын қамтамасыз ету қажет. Соның ішінде:

  • білім беру нысанының ғимараттарына ата-аналардың (заңды өкілдерінің) және басқа да келушілердің кіруін шектеу;
  • мектептің 1-ші қабатында қолды зарарсыздандыруға арналған санитайзерлерді орнату;
  • су ішу режимін сақтау (бір реттік стақандар, жеке құтылар);
  • сантораптарда дезинфекциялық режимді күшейтілген түрде қамтамасыз ету;
  • сантораптарды сұйық сабынмен, қолды зарарсыздандыруға арналған дезинфекциялық құралдармен, электр орамалдармен үздіксіз қамтамасыз ету.

Оқушылардың, қызметкерлердің денсаулығы, коронавирус инфекциясының таралуына білім беру нысанының басшысы жауап береді.


Соңғы жаңалықтар