«Соңғы қоңырау» кезінде Алматы полициясы балаларға жол ережесін қатаң сақтауды ескертті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Соңғы қоңырау кезінде Алматы полициясы балаларға жазғы демалыс кезінде жол ережесін қатаң сақтауды ескертті.

Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Әр мектептің «соңғы қоңырау» салтанатына қатысқан Жол-патрульдік инспекторлары мектеп мұғалімдері мен ата-аналарға жазғы демалыс кезінде балалардың жол қозғалысы ережесін сақтауын қадағалауды тапсырды.

«Жазғы демалыс кезінде балалардың тәртібі мен қимыл-қозғалысын қадағалау ата-аналардың міндеті. Жаз кезінде жолда ойнайтын балалардың саны көбейе түседі. Сондықтан, ата-аналарға олардың жүріс-тұрысын қатаң қадағалауды ескертіп отырмыз. Осы орайда қалалық Жол-патрульдік полиция инспекторлары мектеп оқушыларымен жиі кездесу өткізіп, профилактикалық шараларды жүзеге асыруда», - деді қалалық ІІД әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Жандос Мұраталиев.

Қалалық ІІД баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына сәйкес, Алматыда қазіргі таңда 180 жалпы білім беретін мектеп бар. Аталған мектептердің бәріне бір-бірден жол-патрульдік полиция инспекторы бекітілген. Олар үнемі оқушылармен, ұстаздар қауымымен кездесу өткізіп, профилактикалық шараларды жүзеге асырып отырады.

Сондай-ақ, қазір мектепішілік шаралар кезінде балалар көп шоғырланған жерлерде арнайы қосындар ұйымдастырылып, қосымша автопатрульдік қадағалау қарастырылған.

Аталған жұмыс жазғы демалыс кезінде де жалғасатын болады.

Соңғы жаңалықтар