Соңғы кадрлық ауыс-түйістер бірқатар стратегиялық саланың жаңғыруымен байланысты – сарапшы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы күндері Мемлекет басшысы мемлекеттік аппараттың ең жоғары деңгейінде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс жасаған болатын. ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының жетекші сарапшысы, саясаттанушы Оразғали Селтеев аталған тағайындауларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы уақыттағы басты кадрлық ауыс-түйістің бірі Нұрлан Ермекбаевтың Президент көмекшісі - Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы лауазымына тағайындалуы болды. Мұны біршама жоғарылау деп бағалауға болады. Бұрынғы орнына қайта оралу - бұл бірінші эшелонның саясаттанушылар мен мемлекеттік менеджерлері тобына оралу. Әсіресе, Қауіпсіздік кеңесі конституциялық мәртебе алатындығын ескерер болсақ, онда оның мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлі сапалы түрде өзгеріп, толықтай алғанда аталған органның ықпал деңгейі арта түседі», - деді О.Селтеев.

Сарапшының пайымынша, Н.Ермекбаев Дін істері және азаматтық қоғам министрі ретінде өз миссиясын орындады. Оның  негізгі міндетіне елдегі дін саласын ретке келтіру кірсе, басты жобасы 2020 жылға дейінгі діни саясат тұжырымдамасын әзірлеп, діни қызмет мәселелері жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізу болды.  Аталған заң жобасы бүгінде Парламент қарауында жатыр.  Министрліктің қызмет аясына діннен бөлек мемлекеттің азаматтық қоғам және жастар саясатымен өзара байланысы кірді. Алайда, Нұрлан Ермекбаев өз жұмысында дін саласын реттеуге барынша басымдық берді.

Ал сарапшы Ермекбаевтың орнын басқан Дархан Кəлетаевқа қатысты, оның алдағы міндеті жастар саясаты мен үкіметтік емес сектордың өзара іс-қимылына бас назар аудару екендігін атап өтеді.

«Дәл осы салалар бүгінгі күні әдістерді күшейту мен қайта қарауды талап етеді. Ал ол үшін оның тәжірибесі жеткілікті. Дархан Кəлетаев ұзақ уақыт бойы идеологиялық блогпен тікелей жұмыс істеді. Кезінде ол жастар саясаты жөніндегі өкілетті органға басшылық жасап, бұл салаға Президент Әкімшілігінде жетекшілік еткен еді», - деді ол.

Сонымен қатар, ол Талғат Донақовтың Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы, ал Әлия Рақышеваның ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметіне тағайындалуына қатысты оң пікірін білдірді.

Соңғы жаңалықтар