Соңғы 5 жылда мемлекеттік қызметші жастардың үлесі төмендеген

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жариялаған 2023-2027 жылдарға арналған жастар саясатының тұжырымдамасында мемлекеттік қызметтегі жастардың қатары азайып бара жатқаны айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің дерегіне сәйкес, 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 29 жасқа дейінгі мемлекеттік қызметшілердің саны 19 107 адамды немесе жалпы мемлекеттік қызметшілердің 21,6%-ын құрады. 29 жасқа дейінгі мемлекеттік қызметшілердің 53,5%-ы орталық мемлекеттік органдарда, 46,5%-ы жергілікті атқарушы органдарда жұмыс істейді. Соңғы 5 жылда жастардың мемлекеттік қызметтегі өкілдігін талдау нәтижесінде орталық және жергілікті атқарушы органдарда еңбек ететін жастардың үлесі төмендеп келе жатқанын байқауға болады», - делінген құжатта.

Министрлік бұл бағыттағы кемішіліктерді жою үшін жастарды қоғамдық мәселелерді шешу ісіне тарту және оларды көтермелеу тетіктерін жетілдіру қажет екендігін атап өткен.

«Жастардың жалпы қоғамның проблемаларын шешуге ықпал етуге деген ұмтылысын көтермелеу керек. Шетелдердің тәжірибесі жастар парламентаризмі идеясын ілгерілетуді, саяси ой мен пікірталас мәдениетін дамытуға бағытталған «Мәжіліс моделін» дамытуды, заң жобаларын қарау және қабылдау процестеріне тікелей қатысуын қамтамасыз ету және Мәжіліс депутаттарымен диалог орнатудың орындылығын көрсетеді», - деп ұсыныс жазылған тұжырымдамада.


Соңғы жаңалықтар