Соңғы 30 жылда ел балабақшаларындағы білім мен тәрбие беру әдістемесінде қандай өзгеріс болды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алма Тәуекелова 32 жылдан бері балабақшада тәрбиеші болып қызмет етіп келеді. Еңбек жолын 1984 жылы Қостанай облысындағы «Аленка» балабақшасында бастаған. Ол өзінің алғашқы тобын жылы естеліктермен жиі еске алып жүреді. Қазір бұл балалардың алды 30 жастан асты, барлығы дерлік отбасын құрған. Ал, Алма Тәуекелова бүгінде өзінің қызметінен қол үзген жоқ. Ол ел астанасындағы ең үздік мамандардың бірі саналады. Осы орайда, тәрбиеші ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, өзінің жұмысы мен өмірлік принциптері жайлы әңгімелеп берді.


- Алма Айдарбекқызы, сіз қанша жылдан бері тәрбиеші болып еңбек етіп келесіз?

- Мен 32 жылдан бері тәрбиеші болып жұмыс істеймін. Бұл мамандықты өзім жан қалауыммен таңдадым. Алдымен Арқалық педагогикалық училищесінде білім алдым. Кейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын тәмамдадым. Мен балалармен жұмыс істегенді жақсы көремін және осы қызметімді жалғастыра беремін.

- Сіз өз жұмысыңызда қандай принциптерді басшылыққа аласыз?

- Менің бірінші міндетім – бүлдіршіндердің денсаулығы және сапалы білім беру. Осы жұмыс маған бақыт сыйлайды.

- Тәрбиешілер мен мұғалімдер қоғамның, тіпті бүтін бір елдің болашағының негізін қалайтын адамдар. Дегенмен, сіздің қызметіңіздің маңыздылығын барлығы бірдей түсіне бермейтін сияқты...

- Шынында да, біздің жұмысымыз көп жағдайда тиісті деңгейде бағаланбай жатады. Бірақ, тәрбие отбасындағы ата–ана тәлімінен басталады. Кейін балабақша, содан соң ғана мектепте қалыптасатынын айта кеткім келеді. Мен үшін ең бастысы – балаларды оқыту, оларға қажетті білім беру және бүлдіршіндердің бейіміне сай талантын дамыту.

- Өзіңіз еңбек етіп келе жатқан 32 жылдың ішінде балабақшадағы тәрбие, білім беру әдістемесі қалай өзгерді?

- Мен 1984 жылы алғаш жұмыс істей бастағанда кеңестік тәрбие әдістемесі болды. Қазір уақыт өзгерді. Әдістемелер балаларға мүмкіндік ұсынуға, еркіндік беруге, бала мен тәрбиеші арасында достық қарым-қатынас орнатуға, олармен бір деңгейде сөйлесуге негізделген. Бұрын мұндай жүйе болмаған. Онда тәрбиеші басшы болды және оған сөзсіз мойынсұну керек еді. Қазіргі заманның балалары басқа. Олардың өз пікірі бар, әркім өз қиялын қалауынша жеткізе алады. Біз осыларды ескере отырып, жұмыс бағытын айқындаймыз.

- Қазір тәрбиешілер балалармен емес, олардың ата-анасымен қарым-қатынас жасау қиын екенін алға тартып жатады. Сіздің пайымыңызша, жағдай шынында солай ма?

- Әрине, қазіргі ата-аналар әртүрлі. Жас ата-аналар балаларына көп талап қойып, оларға жақсы білім бергісі келеді. Сондықтан біз барлығының ұсынысы мен пікірін басшылыққа ала отыра, өзіміздің тәжірибеміз негізінде балаларға сапалы әрі өмірлік негіз болып қалыптасатын тәрбие беру үшін аянып қалмаймыз.

- Сіздерге үнемі біліктілікті арттыру, қосымша білім алу талаптары қойыла ма?

- Білімді толықтыру және жаңа дағдыларды үйрену - ең алдымен өзімізге қажет болатыны сөзсіз. Иә, біз үнемі біліктілігімізді арттырып отырамыз. Бес жылда бір рет аттестаттаудан өтеміз. Сондай-ақ, біз түрлі ғылыми конференцияларға, семинарларға, конкурстарға қатысамыз. Бұлардың барлығы жетілуге, жаңа ілім үйренуге септігін тигізеді.

- Кейбір ата-аналарда тәрбиешілер балама дұрыс қарамауы мүмкін деген қорқыныш болады. Мұндай жағдайларды күнделікті жаңалықтардан естіп те жүрміз. Сіздің тәжірибеңізде осындай оқиғалар болды ма?

- Жеке өзім мұндай жағдайға тап болған жоқпын. Негізінен ата-аналар балалардың жаңа дүниелерді үйренгенін көріп риза болып жатады. Қазір мен даярлық топтарымен жұмыс істеймін. Мен ешқашан мұндай жағдайдың куәгері болған емеспін.

- Сіздің топта қанша бала бар?

- Менің тобымда 25 бала бар, оның ішінде 15 қыз және 10 ұл.

- Қалай барлық балаға бірдей көңіл бөлуге болады? Осы тұрғыда жеке тәжірибеңізді бөлісе кетсеңіз.

- Әр баланың мінезі әртүрлі. Мен олардың әрқайсысымен жеке қарым-қатынас жолын табуға тырысамын. Кейбіреулері өте белсенді болса, енді бірі - тұйық. Мен көпшілік алдында ұялып, өз талантын көрсете алмайтын балаларды ашуға тырысамын. Ал, белсенді балаларға әртүрлі тапсырмалар беремін, оларға көшбасшы болуға мүмкіндік ұсынамын. Сонымен қатар, оларды мінезі тұйық балалармен бір топқа қосамын. Осылайша, мен оларды теңестіруге тырысамын. Бүлдіршіндердің ешқайсысын бөліп-жармаймын. Оларға көп тапсырма беру қажет. Мәселен, барлығымыз санау, оқуды үйреніп, бұған қоса бірге өлең жаттаймыз. Сондай-ақ, қосылып логопед мамандар ұсынатын жаттығуларды орындаймыз. Сонымен бірге, мен психологпен бірлесіп жұмыс істеймін. Ол маманға балалардың мінез-құлық ерекшеліктері туралы айтамын, психолог өз ұсыныстарын береді. Тиісінше, сол жоспар бойынша жұмыс істейміз. Бұл - өте тиімді тәсіл.

- Осы уақытқа дейін сіздің қолыңыздан қанша топ түлеп шықты?

- Мен «Қарлығаш» балабақшасында осымен 12 жыл еңбек етіп келемін. Көбіне мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс істеймін. Мұнда мен жеті топты тәрбиелеп шығардым. Биыл жазда түлектерімнің сегізінші легі шығуы мүмкін. Олар қазір дайындық тобында.

- Сіз көп уақытыңызды балабақшада өткізесіз. Осы орайда, отбасы мен жұмысты қатар алып жүру қаншалықты қиын?

- Бұл рас. Біз балалармен көп жұмыс істейміз, үйге кеш барамыз. Бірақ менің балам қазір ересек. Маған балалармен жұмыс істеген, оларға сабақ өткізген ұнайды. Бұл - менің жан қалауым.

- Ең алғашқы түлектеріңіз есіңізде ме? Олар қазір нешеде?

- Әрине, алғашқы тобым әлі есімде. Мен еңбек жолымды бұрынғы Торғай, қазіргі Қостанай облысындағы «Аленка» балабақшасынан бастадым. Онда топтар екі тілді болды. Менің алғашқы тобымда болған балалардың барлығы есейді, бүгінде өздерінің балалары бар. Көрісіп қалсақ, «апай» деп мені танып жатады. Ал «Қарлығаш» балабақшасындағы алғашқы тобым – «Шаттық». Алғыр, білімге құштар балалар болды. Өткен жылы олар 11-сыныпты аяқтады. Қазір университеттерде оқып жатыр. Біз балалармен және олардың ата-аналарымен көрісіп тұрамыз. Бір-бірімзге туыс болып кеттік десем артық болмас.

- Алма Айдарбекқызы, әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар